Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметкерлерге берілген сыйақыға байланысты айыппұл арқалады

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын уақытында орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 64 875 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Даудың туындауына Ұлттық банк қызметкерлеріне төленген сыйақылар себеп болған.
2025 жыл соңында Жоғары аудиторлық палата Ұлттық банкте мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеру барысында қаржы реттеушісінің активтерді қалай пайдаланатыны және қазақстандықтардың зейнетақы қаражатын қалай басқаратыны қаралған.
Аудит қорытындысы бойынша Ұлттық банкке міндетті нұсқама берілген. Соған сәйкес, Әлия Молдабекова 2026 жылғы 1 сәуірге дейін алтын-валюта активтерін басқаруға қатысы жоқ қызметкерлерге төленген сыйақыларды бюджетке қайтаруға тиіс болған.
Алайда бұл талап белгіленген мерзімде орындалмаған.
Молдабекова неге келіспеді?
Сот отырысында Әлия Молдабекова тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, сыйақылар Ұлттық банктің ресми шешімдері негізінде заңды түрде төленген. Сондықтан бұл қаражатты қызметкерлерден бірден ұстап қалу мүмкін емес.
Ол ақшаны тек сот арқылы өндіріп алуға болатынын, ал мұндай процесс ұзақ уақытты қажет ететінін айтқан. Бұған қоса, соттың талап-арызды қанағаттандырмай қою қаупі де бар екенін алға тартты.
ОқыңызҰлттық банк Жоғары аудиторлық палатадан нұсқаманың бір бөлігін орындау мерзімін 2026 жылғы 31 тамызға дейін ұзартуды сұраған.
Осыған байланысты Молдабекова соттан әкімшілік істі тоқтатуды немесе құқықбұзушылықты болмашы деп тануды өтінді.
Аудиторлық палата не деді?
Жоғары аудиторлық палатаның өкілі Ұлттық банк белгіленген мерзім ішінде нұсқаманы орындау үшін қандай шара қабылдағаны туралы ақпарат бермегенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, кейбір хаттар талапты орындау мерзімі аяқталғаннан кейін ғана жіберілген. Осы себепті палата өкілі Молдабекованы әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған.
Соттың шешімі
Сот Ұлттық банктің нұсқаманы орындауға төрт ай уақыты болғанын атап өтті.
Нәтижесінде Әлия Молдабекова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамау жөніндегі бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 64 875 теңге айыппұл салынды.
Ұлттық банк өкілдері сот қаулысы әзірге заңды күшіне енбегенін хабарлады. Сондай-ақ реттеуші нұсқаманы орындау үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын және ішкі бақылау тетіктері жетілдірілетінін мәлімдеді.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты