Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ұры ашық тұрған пәтерге кіріп, 3,5 миллион теңгеге тонап кетті

тонау пәтер
Фото: magnific.com

Астанада полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын ашты. Жалпы шығын 3,5 миллион теңгеден асты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана тұрғыны үйінен шығып бара жатып, абайсызда кіреберіс есіктің сыртында пәтерінің кілтін қалдырып кеткен. Үйіне қайтып келгенде пәтер ішінде бейтаныс ер адам жүрген. Үй иесі есікті қағып, ер адамнан пәтерден шығуын талап еткен. Кейін есік ашылып, ер адам пәтерден жүгіріп шығып, ізін суытқан. Ал әйел дереу полицияға хабарласқан.

Тергеу барысында пәтерден зергерлік бұйымдардың ұрланғаны анықталды.

“Гауһар тастары бар төрт алтын сақина, үш алтын алқа және үш жұп алтын сырға ұрланған. Келтірілген жалпы шығын 3,5 млн теңгеден асты”, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 25 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұған дейін де осындай қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған. Ұрланған мүлік тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция азаматтарды мүліктің қауіпсіздігіне мұқият болуға және кілтті құлыпта немесе оңай жерде қалдырмауға шақырады. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 12:32