Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел жазадан құтылу үшін жүкті екені туралы жалған анықтама сатып алған

медициналық анықтама
Фото: magnific.com

Павлодар облысында жүктілік туралы жалған анықтама мас күйінде жол апатын жасаған әйелдің әкімшілік қамаудан жалтаруына мүмкіндік берген. Прокуратура жалған құжаттың қалай берілгенін анықтап, медицина ұйымдарындағы құжат айналымына бақылауды күшейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Павлодар облысында жүктілік туралы жалған анықтаманың қолданылғаны анықталғаннан кейін прокуратура медициналық құжаттарды беру тәртібіне бақылауды күшейтті.

Бұған дейін жалған анықтама мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған әйелге әкімшілік қамауға алынбауға мүмкіндік берген. Прокуратура құжаттың жалған екенін анықтап, сот оған 20 тәулік қамау жазасын тағайындады.

Кейін пара алған және дәлелдемелерді қолдан жасаған кінәлі адам сотталды. Оған 6,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген себептерді тексерді. Енгізілген ұсыным негізінде 5 лауазымды тұлға, оның ішінде 2 басшы қатаң тәртіптік жауапқа тартылды.

Медициналық ұйымдарда құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтілді. Сондай-ақ құжаттарға өзгеріс енгізу мүмкіндігі жойылды.

Осылайша, анықталған дерекке қылмыстық-құқықтық баға беріліп қана қоймай, прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға жағдай жасаған кемшіліктерді жоюға қол жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін 2022 жылы Астанада жалған медициналық анықтамалар берген деген күдікпен екі емхананың басшысы ұсталған еді. Полиция мәліметінше, олар клиенттермен алдын ала келісіп, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, денсаулық паспорты, санитарлық кітапша және басқа да медициналық анықтамаларды ақылы түрде берген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы (Жалған құжаттарды дайындау, жасау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 14:31