Қазақстандық Damumed-тегі өзі ауырмаған эпилепсия диагнозының кесірінен жүргізуші куәлігін ала алмай жүр
Қостанайда тұрғын Damumed қосымшасынан өзі бармаған емханада бес күн ем алып, тіпті эпилепсияға қатысты диагноз қойылғанын білген. Қыздың айтуынша, бұл жазба енді оған жүргізуші куәлігін алуға кедергі келтіруі мүмкін. Ол медициналық картасындағы ақпаратты кім және қалай енгізгенін білмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нелли есімді қостанайлық бойжеткен Damumed қосымшасына кіргенде өзіне қатысты жалған ақпаратты байқап қалған. Онда 17–21 тамыз аралығында эпилепсиялық синдромдарға қатысты диагнозбен ем қабылдағаны көрсетілген. Алайда қыздың айтуынша, сол күндері ол қала сыртында болған және №5 емханаға бармаған.
“Маған "тамырға дәрі құю, укол салу" курсын "өткізіп", эпилепсиялық синдромдар деген диагнозбен анықтама жазып қойған. Ең қызығы бұл көрсетілген күндерде мен қалада болған жоқпын. Емханаға жүгінбедім және жазбада көрсетілген дәрігерді өмірімде көрген емеспін!”, – деп жазды ол.
Бойжеткеннің айтуынша, бұл диагноз енді оның жеке өміріне кедергі келтіріп жатыр.
“Мәселе мынада мен көлік жүргізуді үйрену курсына баруды жоспарлаған едім. Енді осы ойдан шығарылған диагноздың кесірінен медициналық тексеруден өте алмаймын. Мұндай жазбамен 073/у анықтамасына қол қоймайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына e-Otinish арқылы өтініштерімді жіберіп қойдым. Осындай жалған жазбаға тап болғандар бар ма? Жалған анықтаманы толық жойып, медициналық картаңызды тазартуға қанша уақыт кетті?”, – деп сұрады ол.
Желі қолданушылары жазбаны талқылап өз бастарынан да осыған ұқсас жағдай өткенін жазды.
“Бұл №5 емхананың әдеттегі жағдайы сияқты. 2024 жылы олар мені скринингтен өтті деп жазып қойған.Бірақ мен ол скринингтен өткен жоқпын”;
“Бәлкім, ЖСН немесе аты-жөнінен қателескен шығар. Менің атыма бөтен пәтер тіркеліп тұрған кез де болды. Сол пәтер үшін маған салық келетін, оны өзім үй иесін тауып, мәселені шешкенше алып тастай алмады. Сөйтсем, аты-жөні менікімен толық сәйкес келетін адам екен”;
“Ал эпилепсияға қарсы дәрілер қатаң түрде рецептпен беріліп, үнемі тапшы болатын еді ғой. Бұған дейін бұл дәрілерді дәріханалардан тыс, жасырын түрде өздері сатып жүр деген болжам еститінмін. Оған аса сене қоймайтынмын. Бірақ сіздегі мына жазба сол күдікті растайтындай”, – деп жазды жұртышылық.

Қостанай облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. №5 Қостанай қалалық емханасының мәліметінше, ақпараттық жүйеде мұндай жазбаның қалай пайда болғаны анықталып жатыр.
"Ақпараттық жүйеде аталған жазбаның пайда болу себептері мен мән-жайлары анықталуда", — деп мәлімдеді емхана.
Ведомство тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін айтты.