Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полицейлер, ХҚКО қызметкерлері мен нотариустар 800-ден аса көлікті заңсыз тіркегені үшін сотталды

қылмыс
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Алматы облысында 17 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ 800-ден астам көлікті заңсыз тіркегені үшін сотталды. Олар екі жыл бойы тәртіпті бұзып, мемлекетке 6,6 миллиард теңгеден астам тіркеу және утиль алымын төлемеген. Нәтижесінде олар 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ көліктерді екі түрлі тәсілмен заңсыз тіркеген. Алдымен топ мүшелері техникалық регламент талаптарын бұзып, Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін тіркеуге қойған. Кейін жеңіл көліктерді заңсыз тіркеу үшін бұрын Қазақстанда тіркеліп, кейін есептен шығарылған автокөліктердің VIN-кодтарын пайдаланған. Демек заңсыз әкелінген көліктерге басқа автокөліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркелген.  

Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері және жеке нотариустар да қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәліметтер енгізіп, жалған тұлғалардың атына сенімхат рәсімдеуге көмектескен. Оның ішінде мемлекетке 5,4 миллиард теңге тіркеу алымы және 1,2 миллиард теңге утиль алымы төленбеген.

Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеген. Нәтижесінде мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес көлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бұған дейін төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылған. Ал іске қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада алтын қазған қылмыстық топ полицейлердің келуін алдын ала біліп отырғаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 09:51