Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Орталық барлау басқармасының басшысы Мәскеуге жасырын барды: Кремль Путинмен келіссөз өтетінін жоққа шығарған

АҚШ
Фото: Коллаж Stan.kz

АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф 25 тамызда Мәскеуге жасырын сапармен барған. Мәскеуге Америка Әуе күштерінің әскери-көлік ұшағы келіп, шамамен тоғыз сағаттан кейін кері ұшып кеткен. Алайда екі ел билігі сапардың мақсатын сол күйі айтпады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мәскеуге америкалық ұшақ қонды

25 тамыз күні Мәскеуге АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдерінің бірі келуі мүмкін екені айтылды. Сол күні Мәскеудегі “Внуково” әуежайына RCH4555 борт нөмірлі Boeing C-17A Globemaster III әскери-көлік ұшағы қонған. Оның ұшуы Flightradar24 сервисінде тіркелген.

Ұшақ 23 тамызда Мэриленд штатындағы Кэмп-Спрингстен ұшып шыққан. Бұл жерде АҚШ Әуе күштерінің Эндрюс базасы орналасқан. Базада америкалық жоғары лауазымды тұлғалар пайдаланатын ұшақтар, соның ішінде АҚШ президентінің Air Force One борты да бар. Америкалық әскери ұшақ Мәскеуге тікелей ұшпаған. Жолай Ригада аялдап, онда бір тәуліктен сәл астам уақыт болған.

АҚШ басшылығы өкілдерінің Ресейге сапары алдын ала жарияланған жоқ. Ал Мәскеу америкалық делегациялардың жоспарланған сапары немесе Путинмен кездесулер туралы да ақпарат таратпады.

Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков Мәскеуге қонған америкалық әскери-көлік ұшағы туралы “ақпарат жоқ екенін” айтты.

Сол күні түстен кейін Мәскеу көшелерінің бірінде америкалық дипломатиялық нөмірлері бар кортеж байқалды. Кортеждің өтуіне байланысты елордадағы автомагистральдардың бірінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған. Кортеждің видеосы бірнеше Telegram-арнада жарияланды. Ресейлік БАҚ Flightradar24 деректеріне сүйеніп, америкалық ұшақ “Внуково” әуежайынан ұшып кеткенін хабарлады.

Орталық барлау басқармасының директоры Мәскеуде болды ма?

25 тамыз түстен кейін CBS арнасы Мәскеуге Джон Рэтклифф келгенін хабарлады. Оның ақпаратын Axios журналисі Барак Равидтің дереккөздері де растаған.

Мәскеу уақытымен сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Орталық барлау басқармасы америкалық БАҚ-тың сауалына жауап бермеген.

Кремль пулындағы журналист Александр Юнашев АҚШ Әуе күштерінің ұшағымен келген жолаушының Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі керек болғанын мәлімдеді. Алайда Кремль Путиннің сол күнгі күн тәртібінде мұндай кездесу болмағанын айтқан.

Юнашевтің жазуынша, Путиннің қатысуымен “жүздеген адам дайындалған ауқымды іс-шара” өтуі керек болған. Алайда бұл шара “бірнеше күн бұрын” кейінге шегерілген.

“РБК-Украина” мәліметінше, АҚШ билігі Украинадан 25 тамыз күні Мәскеуге шабуыл жасамауды сұраған. Бұған америкалық жоғары лауазымды шенеуніктердің Ресей астанасына келуі себеп болған.

Axios басылымы да, Вашингтон Киевтен америкалық делегацияның сапары кезінде Мәскеуге соққы бермеуді сұрағанын жазды.

Financial Times тілшісі Кристофер Миллер де дереккөздеріне сілтеме жасап, Ақ үй Киевтен 24-26 тамыз аралығында Мәскеу, Санкт-Петербург және Ресейдің солтүстік өңірлеріне шабуыл жасамауды сұрағанын хабарлады.

BBC басылымы Орталық барлау басқармасы, Ақ үй және Пентагонға түсініктеме беру туралы сауал жолдаған. Басылым қазір жауап күтіп отыр екен. 

Орталық барлау басқарма директоры бұған дейін Ресейге 2021 жылы қарашада барған. Ол кезде бұл қызметті Уильям Бернс атқарған. Бернс сол сапар барысында Владимир Путинмен кездескен. Сол кездегі АҚШ президенті Джо Байден оған Украинадағы жағдайдың одан әрі ушықпауына жол бермеуге тырысуды тапсырған.

Егер АҚШ Әуе күштерінің ұшағымен келген жолаушы расымен Джон Рэтклифф болса, бұл оның Мәскеуге жасаған алғашқы сапары болмақ.

Сапардың мақсаты қандай?

Рэтклиффтің Мәскеуге сапарының мақсаты туралы әзірге Ресей де, АҚШ та ресми түсініктеме берген жоқ.

Ресейдің күш құрылымдарына жақын SHOT Telegram-арнасы ұшақ Мәскеуге тұтқындар алмасу үшін келген болуы мүмкін деген болжам жасады.

Бұған дейін, 2025 жылы 13 ақпанда, Эндрюс әскери базасынан "Внуково" әуежайына Gulfstream C-37B ұшағы ұшып келген. Сол кезде Ресей есірткі контрабандасы ісі бойынша жазасын өтеп жатқан америкалық Марк Фогельді ресейлік Александр Винникке айырбастаған.

Ксения Собчактың “Кровавая барыня” Telegram-арнасы бұл жолы ұшақ Ресейде қару сақтағаны үшін бес жылға сотталған америкалық Чарльз Уэйн Циммерманды алып кетуге келген болуы мүмкін деген болжам айтты. Қару оның яхтасынан табылған.

Арна дереккөздерінің мәліметінше, Циммерман осы жазда колонияда рақымшылық жасау туралы өтініш берген. Десе де “Кровавая барыня” бұл жолы саяси тұтқындарды алмасу туралы сөз болмағанын мәлімдеді.

11 тамызда Ресей америкалық Роберт Гилманды ешқандай айырбассыз, "ізгі ниет белгісі" ретінде босатып, АҚШ-қа жіберген еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 10:03