Үкімет Digital Qazaqstan жоспарын бекітті: 2029 жылға дейін цифрландыру қалай жүргізілмек
Қазақстанда алдағы бірнеше жылда жасанды интеллект білім беру мен медицинадан бастап, мемлекеттік қызмет, құрылыс, энергетика және көлік саласына дейін кеңінен енгізілмек. Үкімет 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstanжалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоспардың негізгі мақсаты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге, бизнестің жұмысын тиімді етуге және мемлекеттік аппараттағы үдерістерді жеделдетуге пайдалану.
Түлектердің 80%-ы жасанды интеллектіні меңгеруге тиіс
Жоспардағы негізгі бағыттардың бірі – білім беру саласы. AI-SANA бағдарламасы аясында жасанды интеллектіні мектептен бастап оқыту көзделген.
2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орны түлектерінің кемінде 80%-ы жасанды интеллектіні қолданудың базалық дағдыларын меңгеруі тиіс.
Бұдан бөлек, студенттерге ЖИ технологияларын тереңдетіп оқыту, ал мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін арттыру жоспарланған.
2028 жылға қарай еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізбек. Білім беру бағдарламалары да еңбек нарығы мен экономиканың жаңа талаптарына қарай жаңартылады.

Дәрігерге бармай-ақ алуға болатын қызметтер көбейеді
Цифрландыру медицина саласын да қамтиды. Мұндағы басты міндеттердің бірі – медициналық ұйымдарды бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру.
2029 жылға дейін азаматтардың дәрігерге немесе медициналық мекемеге арнайы баруын қажет етпейтін self-service қызметтерін көбейту жоспарланған.
Медициналық ұйымдар арасында мәліметтер нақты уақыт режимінде алмасып, дәрігерлердің клиникалық шешім қабылдауында жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылмақ.
Қалаларда ЖИ қауіпсіздік пен көлік қозғалысын бақылайды
Digital Qazaqstan аясында қалалар мен өңірлерге арналған AI Native cities®ions шешімдерін енгізу жалғасады.
Интеллектуалды мониторинг пен талдау жүйелері қаладағы түрлі жағдайды жылдам анықтап, қауіпсіздік қызметтерінің жедел әрекет етуіне көмектеседі.
Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі платформалар ірі қалалардағы көлік ағынын бақылап, жол жүктемесін азайтуға пайдаланылмақ.
Мемлекеттік қызмет алу уақыты екі есе қысқармақ
Жоспар бойынша қазақстандықтардың анықтама немесе әлеуметтік көмек алу үшін түрлі мекемеге қайта-қайта баруын азайту көзделген.
Ол үшін мемлекеттік қызметтерде жасанды интеллект, автоматты қол қою, проактивті қызмет көрсету және басқа да автоматтандырылған жүйелер кеңінен қолданылады.
Нәтижесінде 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын алу уақыты кемінде 50% қысқаруға тиіс.
Яғни мемлекет азаматтың белгілі бір қызметке мұқтаж екенін қолындағы деректер арқылы өзі анықтап, бірқатар қызметті адамның өтінішін күтпей-ақ ұсынатын жүйеге біртіндеп көшпек.
Энергетикалық нысандардың 70%-ы цифрлық бақылауға көшеді
Цифрлық өзгерістер тек әлеуметтік салалармен шектелмейді. Энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы да қамтылады.
Жылу-энергетика кешенінде 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ын цифрлық мониторинг жүйесіне қосу жоспарланған.
Бұл мамандарға нысандардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға, ықтимал ақаулар мен қауіптерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ энергия ресурстарының қозғалысын өндіруден бастап тұтынуға дейін цифрлық қадағалау жүйесі кеңейтіледі.
Құрылыста нысанның бүкіл “өмірі” цифрлық жүйеде болады
Құрылыс саласында да үлкен өзгеріс жоспарланып отыр. Жаңа нысандар туралы ақпарат жобалау кезеңінен бастап құрылыс аяқталып, пайдалануға берілгенге дейін бірыңғай цифрлық жүйеде жүргізіледі.
2029 жылға қарай техникалық жағынан күрделі жаңа нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу көзделген.
Жүктердің қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігі кеңейеді
Көлік және логистика саласында цифрландыру жүктің жолға шыққан сәтінен межелі жерге жеткенге дейінгі бүкіл бағытын қамтымақ. Соның ішінде шекарадағы өткізу пункттерінен өту уақытын қысқартуға ерекше назар аударылады.
Smart Cargo жүйесі арқылы басым жүк тасымалдарына цифрлық паспорт беріліп, олардың қозғалысын бүкіл маршрут бойы бақылау мүмкіндігі жасалады. Негізгі көлік дәліздері, өткізу бекеттері мен мультимодальды тораптар да интеллектуалды талдау жүйесіне қосылады.
Бұл қай бағытта көлік көбейгенін немесе қай жерде кідіріс пайда болғанын жедел анықтап, тиісті шешімді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығына да цифрлық шешімдер енгізіледі
Агроөнеркәсіптік кешенде жаңа технологиялар шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталады. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне заманауи цифрлық басқару құралдарының қолжетімділігін кеңейту көзделген.
Шағын бизнеске тексеріс азаюы мүмкін
Шағын және орта бизнес үшін басты міндеттердің бірі – әкімшілік жүктемені азайту.
Кәсіпорындар өзінің цифрлық даму деңгейін бағалатып, соның негізінде жеке цифрландыру жол картасын ала алады.
Ал цифрлық комплаенс пен тәуекелге негізделген бақылау жүйесі тәуекелі төмен кәсіпкерлерді барып тексеру санын азайтуға мүмкіндік бермек.
Салықтың бір бөлігі адамның қатысуынсыз есептелмек
Салық саласында интеллектуалды әкімшілендіру моделіне көшу жоспарланып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, бірқатар салық процесі азаматтың немесе кәсіпкердің қосымша әрекетінсіз автоматты түрде жүзеге асырылады.
Үкімет мұны “көзге көрінбейтін"” салықтық әкімшілендіру жүйесін қалыптастыру деп сипаттайды. Жаңа тәсіл салық төлеушілердің уақытын үнемдеумен қатар, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған.
Банктердің кемінде 80%-ы жаңа цифрлық жүйеге қосылады
Қаржы саласы да ауқымды цифрлық өзгеріске көшеді. 2028 жылға қарай еліміздегі екінші деңгейлі банктердің кемінде 80%-ын ақпаратты қауіпсіз алмасуға арналған цифрлық жүйеге қосу жоспарланған.
Бірыңғай цифрлық платформаға қосылған және жеке тұлғаларға қаржы өнімдерін ұсынатын ұйымдар үшін де осындай меже белгіленген.
“Самұрық-Қазына” мен “Бәйтерекке” де ЖИ енгізіледі
Квазимемлекеттік компаниялардағы цифрландырудан нақты экономикалық нәтиже күтіледі.
“Самұрық-Қазына” қорына қарасты компанияларда цифрлық және AI-жобалардың EBITDA өсіміне қосатын үлесін жылына 5% дейін жеткізу көзделген.
Ал “Бәйтерек” холдингінде 2029 жылға қарай инвестициялық жобалардың 100%-ын жасанды интеллект көмегімен мониторингтеу жоспарланып отыр.
Қазақстан IT экспортын 50%-ға арттырмақ
Digital Qazaqstan-ның тағы бір маңызды мақсаты – қазақстандық IT-компанияларды сыртқы нарыққа шығару.
2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын кемінде 50% ұлғайту жоспарланған.
Сонымен бірге өңірлерде робототехника саласындағы құзырет орталықтарын дамыту және коммерциялық жобаларды жүзеге асыратын отандық компанияларды қолдау қарастырылған.
Қазақстанда “ДӨО алқабы” дамытылады
Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану үшін үлкен есептеу қуаты мен деректерді сақтайтын инфрақұрылым қажет. Осы мақсатта “ДӨО алқабы” жобасына ерекше мән беріліп отыр.
Жоба Қазақстанға халықаралық технологиялық және бұлтты сервис компанияларын тартуға, жаңа есептеу қуаттарын орналастыруға және ел ішінде деректерді өңдеу мен сақтау мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Бұл болашақта жаңа AI-сервистерді іске қосып, отандық цифрлық индустрияның дамуына жағдай жасауға тиіс.
Азаматтар жеке деректерінің кімге берілгенін көбірек бақылай алады
Жаппай цифрландырумен бірге киберқауіпсіздық талаптары да күшейтіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғау, халықтың киберсауатын арттыру және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану мәселесіне басымдық беріледі.
“Цифрлық үкімет” жүйелері “Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау” сервисіне қосылмақ. Соның арқасында азаматтар өздерінің жеке мәліметтерінің пайдаланылуын неғұрлым ашық бақылауға мүмкіндік алады.
Осылайша, Digital Qazaqstan тек мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен шектелмейді. 2029 жылға дейінгі жоспар білім мен медицинадан бастап, салық, банк, бизнес, ауыл шаруашылығы, логистика және киберқауіпсіздікке дейінгі салаларды қамтып, жасанды интеллектіні ел экономикасы мен күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды көздейді.
Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты