Астанада биіктен құлаған электр маманы өз есімін ұмытып қалған: Туыстары жұмыс берушіден өтемақы ала алмай жүр

Астанада жұмыс кезінде 8 метр биіктен құлаған электр маманы ауыр бас жарақатынан кейін өз есімін де ұмыта бастаған. Туыстарының айтуынша, еңбек инспекциясы оқиғаға жұмыс берушіні кінәлі деп танығанымен, компания осы күнге дейін емдеу шығындарын өтемеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
33 жастағы Қаныш Мадәлиев былтыр наурыз айында жұмыс барысында нысанның электр жүйесін тексеруге барған кезде 8 метр биіктіктен құлап кеткен. Ауыр соққы салдарынан оның омыртқасы мен жауырыны сынып, миына ауыр зақым келген.
Қазір ол өзінің кім екенін, қайда жұмыс істегенін толық есіне түсіре алмайды. Жақындарының сөзінше, денсаулығы күн өткен сайын нашарлап барады.
Қаныштың туысы Гүлзира Қоқанованың айтуынша, жігіт өздігінен өмір сүре алмайтын жағдайға жеткен.
"Қазіргі кезде түнімен ұйықтамайды. Дәретін ұстай алмайды. Сыртқа шықса, өз үйін таба алмай қалады. Бірақ мекеме тарапынан ешқандай көмек көрсетілген жоқ", – дейді ол.
Туыстарының айтуынша, еңбек инспекциясы жүргізген тексеру нәтижесінде өндірістік жарақатқа жұмыс берушінің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы себеп болғаны анықталған. Соған сәйкес компания емдеу шығындарын және еңбекке жарамсыз кезеңдегі төлемдерді өтеуі тиіс болған.
Заңгер Ғалымжан Яхияевтің сөзінше, жұмыс беруші заң бойынша барлық медициналық шығындарды көтеріп, қызметкер еңбекке жарамды болғанға дейін ай сайынғы төлемдерді жасап отыруы керек.
"Еңбек инспекциясының қорытындысына сәйкес мекеме барлық медициналық шығынды, ай сайынғы төлемдерді өтеуге және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндетті. Алайда осы уақытқа дейін бірде-бір тиын төленген жоқ", – деді заңгер.
Ал Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша тергеу жүргізілгенін, бірақ кейін қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмағандықтан істің тоқтатылғанын хабарлады.
Электр энергиясын таратумен айналысатын компания бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді.
Қазір ата-анасыз өскен Қаныш Мадәлиев Қызылордада ағасы мен жеңгесінің қолында тұрады. Жақындарының айтуынша, алдағы уақытта ол психикалық денсаулық орталығында ем қабылдайды.
Еске салайық, бұған дейін Семейде дәл осындай қайғылы оқиға тіркелген еді. Сәуір айында құрылыс нысанында жұмыс істеген 19 жастағы колледж студенті бетон араластырғышқа қолын салып алып, ауыр жарақаттанған. Осылайша, соңғы бірнеше ай ішінде қалада өндірісте студенттердің зардап шеккен екінші оқиғасы тіркеліп отыр.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз