Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолдың сапасынан емес": Қазақстанда тасжолдар аптап ыстыққа шыдамай бүлініп жатыр

Фото: "Қазавтожол" АҚ

Елде аптап ыстыққа шыдамай цементбетон жамылғысы бар тасжолдар көтеріліп кеткен. Көлік министрлігінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мұның себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орталық дерегіне сәйкес соңғы апталарда еліміздің бірқатар өңірлерінде ауа температурасы +35…+40°С-қа дейін көтеріліп, жекелеген аймақтарда +40°С-тан асты. Бұл ретте автомобиль жолдары жамылғысының температурасы ауа температурасынан едәуір жоғары болып, +60…+70°С және одан да жоғары көрсеткіштерге жетуі мүмкін.

“Осындай жағдайларда цементбетон жамылғысындағы автомобиль жолдары жоғары температуралық жүктемелерге ұшырайды. Жоғары температура әсерінен цементбетон плиталарында табиғи жылулық ұлғаю процесі жүреді, соның салдарынан жол төсемінің конструкциясында ішкі қысым кернеулері пайда болады. Белгілі бір шекті мәнге жеткен жағдайда бұл кернеулер жамылғының жекелеген учаскелерінде температуралық деформацияларға (цементбетон плиталарының көтерілуі немесе қисаюы) алып келуі мүмкін. Аталған құбылыс цементбетон жамылғысы бар автомобиль жолдарының пайдалану ерекшеліктерінің бірі болып табылады және әлемдік инженерлік тәжірибеде кеңінен белгілі. Осындай жағдайлар цементбетон жолдары кеңінен қолданылатын АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Австралия және басқа да мемлекеттерде бірнеше рет тіркелген”, – делінген хабарламада. 

Ғылыми тұрғыдан алғанда, мұндай деформациялардың негізгі себебі – бетонның жоғары температура әсерінен бұзылуы емес, цементбетон плиталарының жылулық ұлғаюы нәтижесінде туындайтын ішкі температуралық кернеулердің жинақталуы. Бұл процесс халықаралық жол саласы ғылымында жан-жақты зерттелген және автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану кезінде ескерілетін факторлардың бірі саналады.

Автомобиль жолы жамылғысының температурасы ауа температурасынан айтарлықтай жоғары болатынын ескерген жөн. Мәселен, ауа температурасы +40°С болған жағдайда цементбетон жамылғысының беткі температурасы +65…+75°С-қа дейін жетіп, жол конструкциялары үшін экстремалды пайдалану жағдайларын қалыптастырады. Температуралық деформациялардың орын алуы автомобиль жолының құрылыс технологиясының бұзылғанын немесе пайдаланылған материалдардың сапасыз екенін білдірмейді. Цементбетон жамылғылары әлемнің көптеген елдерінде өзінің ұзақ мерзімділігі, жоғары жүк көтергіш қабілеті және экономикалық тиімділігіне байланысты кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, кез келген инженерлік құрылым секілді олар да табиғи-климаттық факторлардың әсеріне ұшырайды”, – деп қосты орталық өкілдері. 

Әлемдік тәжірибеде аптап ыстық кезеңдерінде цементбетон автомобиль жолдарын пайдалану барысында жамылғының жай-күйіне күшейтілген мониторинг жүргізу, ішкі кернеулерді азайту бойынша профилактикалық жұмыстарды орындау, анықталған ақауларды жедел жою және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қарастырылған екен. 

Назархан Уән
Жұма, 17 Шілде, 2026 19:47