Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмоладағы Көбейтұз көлі күзетке алынады

Көбейтұз
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, суының ерекше қызғылт реңкімен танымал Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл көлдің бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

“Елордадан 160 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз – еліміздегі ең көрікті әрі ерекше табиғи нысандардың бірі. Жыл сайын мұнда мыңдаған турист келеді. Келушілер санының артуы тиісті инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Осыған байланысты көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жұмыстарымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі жағалау аумағын абаттандыруға кіріседі. Мұнда бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, тұрғындар мен қонақтарға табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалап, суретке түсіруге жағдай жасалады. Бұл ретте көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу басты назарда болады. Бүгінде Көбейтұз Ақмола облысының табиғи символдарының біріне айналды. Сондықтан адамдардың осы бірегей табиғи нысанмен қауіпсіз әрі жайлы танысуына, оның әсем көрінісін тамашалауына мүмкіндік бере отырып, көлге ешқандай зиян келтірмеу аса маңызды. Көбейтұзды келер ұрпаққа табиғи қалпында сақтау тек сауатты абаттандыру мен экологиялық талаптарды қатаң сақтау арқылы ғана мүмкін”, – делінген хабарламада. 

Бірегей табиғи нысандарды сақтау – мемлекеттің экологиялық саясатының басым бағыттарының бірі, дейді әкімдік өкілдері.

Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көл суының гидрохимиялық қасиеттеріне зерттеу жүргізді. Сараптама нәтижелері бойынша аммонийлі азот, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және басқа да бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені анықталды. Осыған байланысты көлде шомылуға және оның жағалауынан тұз жинауға қатаң тыйым салынады.

Абаттандыру жұмыстары жүргізілетін кезеңде Көбейтұз көліне қолжетімділік уақытша шектеледі. Жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағынан өтуге рұқсат етілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бақылау бекеттері қойылып, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп патрульдейді.

Назархан Уән
Жұма, 17 Шілде, 2026 18:48