Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте әскерге барудан қашқан 23 жастағы жігіт үшінші қабаттан секіріп комаға түсті

әскерден қашып үшінші қабаттан секірген
Фото: Жаннаның редакцияға жіберген видеосынан скрин

Шымкентте 23 жастағы жігіт өздерін “әскери комиссиариаттан келдік” деп таныстырған адамдардан қашамын деп үшінші қабаттан секіріп, жансақтау бөліміне түскен. Анасының айтуынша, ұлын әскерге алып кетпек болған төрт адамның ешқайсысы әскери комиссариат қызметкері емес. Соған қарамастан, олардың бәрі әлі күнге дейін еркін жұмыс істеп жүр. Екі ай бұрын қозғалған қылмыстық іс әлі сотқа жетпеген. Жанар Байдыбекқызы редакциямызға жүгініп, тергеудің созбалаңға салынып жатқанын айтып, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етті.

Жаннаның ұлы Арман заңгер мамандығын оқып тәмамдаған. Кейін мамандық бойынша жұмыс істеген. Ал соңғы кездері ол мейрамхананың әкімшілік қызметінде жұмыс істеп жүрген. Оқиға 11 мамыр күні түнгі сағат 1:20-да болған. Жанар Байдыбекқызының айтуынша, сол кезде ол ұлына хабарласып қайда екенін сұраған. 

“Балам компютерлік клубта екенін, жарты сағаттан соң үйге қайтатынын айтты. Алайда кейін сағат тура 2:00-де ағам хабарласты. Ол: "Арманның қолы жараланып қалыпты. Әскери комиссариат адамдары қуған екен, қашамын деп қолын жарақаттап алыпты. Қазір ауруханада жатыр, тез кел" деді. Мен қатты уайымдап, бірден ауруханаға жүгіріп бардым. Барсам, баламды көрсетпейді. Қолы ғана жараланса, үйге алып кетейін десем, кіре алмайтынымды айтып, ,алаңыз комада жатыр деді”, – деп баяндады анасы.

“Алып кетпеңізші, жалғызбасты анамның жалғыз асыраушысымын”

Жігіттің анасы сол күнгі оқиғаның қалай болғанын ұлы Арманның жанында болған ағасының 27 жастағы ұлынан білген. Сонымен қатар бейнебақылау жазбаларын да қараған.

“Оқиға түнгі сағат 1:30 шамасында болған. Сол кезде компьютерлік клубқа төрт полиция қызметкері кірген. Есіктің алдына әскери киімдегі бір адамды қалдырып, қалған үшеуі ішке кіріп, адамдарды тексере бастаған. Менің ұлым мен ағамның баласы бірге отырған. Сол кезде полиция формасындағы қызметкер келіп құжаттары мен жастарын сұраған. Ал Арман өздерінің кәмелетке толған, жұмыс істейтін адам екенін жеткізген. Құжаттарын электронды түрде көрсеткен. Бұдан соң полиция қызметкері балама өзінің әскери комиссариаттан келгенін айтып, алып кетемін деп қорқытқан. Баламның қолынан тартып тұрғызбақ болған. Балам алғашында орнынан тұрмаған. Кейін әлгі қызметкер айқайлап, күш көрсеткен соң амалсыз тұрған. Содан кейін оны дәлізге алып шыққан. Дәлізде ұлым: "Аға, мені алып кетпеңізші. Мен жалғызбасты анаммен тұрамын. Үйдің жалғыз асыраушысымын. Маған әскерге баруға болмайды", деп жалынған. Бірақ әлгі қызметкер көнбеген”, – деп баяндады ол. 

Осы тұста Арманның жанындағы бауыры әкесіне яғни Жаннаның ағасына хабарласып, көмек сұраған. 

“Ағам телефонмен сөйлескенде түнгі уақытта әскери комиссариат адамдарының жүрмейтінін айтып телефонды беруін сұраған. Ал олардың бірі телефонды алып полиция қызметкері екенін, әскери комиссариаттан сондай тапсырма түскенін айтқан. Осы әңгіменің бәрі бейнежазбада сақталған. Тіпті олар тарапынан “келіңіз, келісеміз” деген де сөздер айтылған. Полицей ағаммен телефон арқылы сөйлесіп тұрған кезде менің балам үндемей тұрып, "Мен барып сөмкемді алайыншы" дейді. Компьютерлік клубтағы кабинкаға кіреді де, ештеңе деместен терезеден үшінші қабаттан секіріп кеткен”, – деп қосты Жанна. 

Ұлы құлаған кезде аяғы бір жерге ілініп басымен жерге құлаған. Соның салдарынан қолы, қабырғасы сынып, басынан ауыр жарақат алған. Бірден есінен танып қалған.

“Сол кезде компьютерде ойын ойнап отырған тағы бір бала терезе жаққа екі рет қарап, сыртқа жүгіріп шықан. Кейін ағамның баласына келіп: "Ана жақта бір бала құлап жатыр" деген. Ағамның баласы жүгіріп барып, терезеден қараса, қараңғыда жерде жатқан адамның Арман екенін таниды. Дереу сыртқа жүгіріп шығып, баламның тілін шығарып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Кейін жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем келіп, баламды ең жақын ауруханаға апарған. Ал сол уақытта жаңағы әскери комиссариаттанбыз деген полиция қызметкерлері оқиға орнынан тез арада кетіп қалған. Балам шамамен сағат 01:54-те секірсе, олар сағат 01:59-да төртеуі де компьютерлік клубтан шығып кеткен”, – деп қосты анасы.   

“Ұлыма қысым көрсеткен әскери комиссариат қызметкерлері болмай шықты”

Жанна кейін ауруханаға барғанда ұлының ауыр қалде екенін білген.

“Сол жерде жылап қалдым. Балам үш күн жансақтау бөлімінде жатты. Төртінші күні дәрігерлер операция жасауға мәжбүр болды. Себебі миына қан құйылып, қан ұйып қалған. Операция кезінде бас сүйегіне ота жасап, ұйыған қанды алып тастады. Одан тағы үш күн комада жатты. Отадан кейін жеті-сегізінші күні ғана көзін ашты. Бірақ сөйлей алмады. Біраз уақыттан кейін ғана су сұрай бастады. Бір-екі аптадан кейін жағдайы біртіндеп жақсарды. Жалпы, ауруханада 18 күн жаттық. Кейін үйге шықтық. Қазір бір ай болды. Аллаға шүкір, өзі жүреді, тамағын өзі ішеді. Бірақ денсаулығына, ақыл-есіне зақым келді. Қазір мүгедектік рәсімдеп жатырмыз. Алда тағы бір операция бар. Тамызға жоспарлап отырмыз”, – деді анасы. 

Жігіттің анасы оқиға болған күні полицияға арыз жазған. Алғашында іс бір баппен тіркелген екен.

“Кейін оны қылмыстық кодекстің 361-бабына, яғни "Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану" бабына ауыстырды. Қазір іс қозғалғанына екі айдан асты. Бірақ әлі күнге дейін сотқа жолданған жоқ. Керісінше, істі қысқартуы мүмкін дегенді айтып жатыр. Неге бұлай болып жатқанын түсінбеймін. Тағы бір түсінбейтінім, осы төрт адамның бәрі әлі күнге дейін жұмыстарын жалғастырып жүр. Кейін анықталғандай, олардың екеуі полиция қызметкері, нақтырақ айтқанда учаскелік инспекторлар екен. Ал қалған екеуі жедел жасақ қызметкерлері. Яғни, төртеуі де әскери комиссариат қызметкерлері емес болып шықты. Комиссариаттың өзі бұл адамдардың өз қызметкерлері емес екенін ресми түрде хабарлады. Олар баламды қорқытып, ақырында терезеден секіруге мәжбүрледі”, – деп қосты ол. 

Жанна қазір істің әділ тергеліп өздерін жалған қызметкерлер ретінде таныстырып, ұлының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіргендердің жазалануын сұрайды. 

“Біріншіден, олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды. Екіншіден, олардың әрекетінен менің баламның денсаулығына ауыр зиян келді. Менің түсінбейтінім – олар әскери комиссариаттың қызметкерлері болмаса, неге өздерін сол мекеменің қызметкерлері ретінде таныстырған? Баламды қандай негізбен алып кетпек болды? Қазірге дейін сот-медициналық сараптама да толық тағайындалмай отыр. Тергеу барысында тергеушілер үнемі ауыса береді. Арыз жазғанымызға екі ай болды. Бірақ іс әлі күнге дейін сотқа жолданған жоқ. Неге бұлай созылып жатқанын түсінбеймін. Сонымен қатар, жан-жақтан істі қысқарту туралы қоңыраулар болып жатыр. Менің ойымша, әлгі полиция қызметкерлерінің артында оларды қорғайтын ықпалды адамдар бар сияқты. Сол себепті олар жұмыстан шығарылмай, жауапкершіліктен құтылып отыр. Баламның алған ауыр жарақатына байланысты қосымша қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалуы керек деп есептеймін. Сондықтан осы оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылуын талап етемін”, – деп қорытты анасы. 

Stan.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының полиция департаментінен оқиғаға байланысты пікір сұрады.  

“Аталған оқиға 11 мамыр күні қаладағы компьютерлік клубтардың бірінде орын алған. Ғимараттың үшінші қабатынан 24 жастағы келуші секіріп кеткен.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады”, – деді ведомство. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 10:00