Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды

Жүргізуші куәлігінсіз қақпаға соғылған
Фото: Желі кадрларынан скрин

Алматы облысында көлік үлкен жылдамдықпен ауласында адамдар туған күн тойлап жатқан үйдің қақпасына кіріп соғылған. Салдарынан аулада болған екі әйел ауыр, жарақат алып, бірінің аяғын ампутацияламақ. Жәбірленуші тарап көлікте болған әйелде жүргізуші куәлік болмағанын айтып, шара қолдануды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жәбірленуші әйелдің сіңлісі желіде оқиға туралы баяндап, видео кадрларын жариялады. Оқиға Қарасай ауданының Көксу ауылында болған. Сол кезде жеке үйдің ауласында бірнеше адам туған күн тойлап жатқан. 

“Баршаңыздан осы жазбаны кеңінен бөлісулеріңізді сұраймын. Тағы бір қайғылы оқиға. Көлік жүргізуге құқығы жоқ әйел рөлге отырып, орны толмас қайғыға себеп болды. Бір әпкемнің бірнеше қабырғасы сынды, ал екінші әпкемнің аяғын кесуге тура келді. Бар болғаны бір адамның жауапсыз әрекетінің кесірінен. Ол көлікпен үйдің қоршауын бұзып кіріп, біз туған күн тойлап отырған үйге соғылды. Соның салдарынан бір адам өмір бойына мүгедек болып қалды. Қазір көлік иесі "көлікті өзім берген жоқпын, ол айдап кетіпті" деп айтып жатыр”, – деп жазды ол. 

Тұрғынның айтуынша, апатқа қатысты жауапсыз қалған сұрақ өте көп. 

“Рөлде 23 жастағы қыз болған. Алғашында ол көлікте жалғыз болғанын айтқан. Бірақ кейін куәгерлер табылып, олар көлік иесінің артқы орында отырғанын айтты. Ал көліктің алдында тағы бір адам болған. Жедел жәрдем шамамен бір сағаттан кейін ғана жетті. Полицияның нақты қашан келгенін білмеймін. Ал жол полициясы таңғы төрттер шамасында келген сияқты. Аяғынан айырылған әпкемді күйеуі Қалқаман ауруханасына алып кетті. Ал мені және екінші әпкемді Шамалғанға жеткізді. Біз жедел жәрдеммен ауруханаға келгенде, жол апатына себеп болған әйел анасымен бірге сонда жүрген екен. Осы оқиға бойынша әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер заң алдында толық жауап береді деп үміттенеміз”, – деп жеткізді ол. 

Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Алматы облысының полиция департаментінен пікір сұрады. 

“Қарасай ауданында болған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz автокөлігін басқарған 24 жастағы қыз Наурызбай батыр көшесімен келе жатып, көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол апатының салдарынан зардап шеккен екі адам да медициналық мекемеге жеткізілді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деді ведомство. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 17 Шілде, 2026 12:13