Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахман қайнарына апаратын жолда жанжал көбейді: Туристер жөндеу жұмысына кедергі келтірген

рахман қайнары
Фото: inform.kz

Шығыс Қазақстандағы Рахман қайнарына апаратын жолды жөндеу кезінде туристер мен жол қызметкерлері арасында жанжал жиілеген. "ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, кейбір демалушылар қозғалыс шектеуін бұзып, күзетшілерге дейін күш қолданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысындағы "ҚазАвтоЖол" филиалының мәліметінше, кейбір демалушылар қозғалысқа қойылған уақытша шектеулерді елемей, қызметкерлермен сөзге келіп, тіпті оларға күш қолданған жағдайлар тіркелген.

Компания өкілдерінің айтуынша, жолдың жабылуы туристердің келуіне тосқауыл қою үшін емес, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Қазіргі уақытта аталған учаскеде күн сайын сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін ауқымды жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Шығыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары Әділет Жампейісовтің сөзінше, туристердің наразылығы түсінікті болғанымен, адам қауіпсіздігі бәрінен маңызды.

"Жөндеу жұмыстары кезінде қозғалыс уақытша шектеледі. Алайда жол таңғы сағат 06:00-ге дейін және кешкі 18:00-ден кейін ашық болады. Сонымен қатар көліктерді өткізу үшін күн сайын сағат 12:00-13:00 аралығында қосымша уақыт белгіленді", – деді Әділет Жампейісов.

Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары биік таулы аймақта жүргізіліп жатқандықтан, айналма жол салу мүмкін емес. Жолдың бір жағында тік жар, екінші жағында тау орналасқан. Осы аралықта ауыр құрылыс техникасы үздіксіз қатынайды.

Компанияның мәліметінше, бұл жерде тек асфальт төсеу емес, топырақ пен инертті материалдар таситын ауыр жүк көліктері де тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда тежегіш жүйесінің істен шығуы, құрылыс техникасының жеңіл көліктермен соқтығысуы, тау беткейінен тас құлауы немесе қиыршық тастың ұшып кетуі сияқты қауіптер бар.

Сондықтан құрылыс аймағында бөгде көліктердің жүруіне уақытша шектеу қойылған. "ҚазАвтоЖол" өкілдері уақытша қозғалыс тәртібін сақтамау жанжалдардың негізгі себебіне айналып отырғанын айтты.

"Өкінішке қарай, күзет қызметкерлеріне қатысты агрессивті әрекеттер, тіпті күш қолдану фактілері тіркеліп отыр. Олар тек өз міндетін атқарып жүр. Барлық жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтап, жол жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған мамандарға құрметпен қарауға шақырамыз", – деді Әділет Жампейісов.

Компания жөндеу жұмыстарының туристік маусымға сәйкес келуін өңірдің климаттық ерекшелігімен түсіндірді. Биік тауда құрылыс маусымы небәрі үш айға ғана созылатындықтан, жолшылар қолайлы күндердің барлығын тиімді пайдалануға мәжбүр.

Жоспар бойынша асфальт төсеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталады. Одан кейін абаттандыру жұмыстары жалғасып, нысан жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі.

Еске салсақ, өткен жылға дейін Рахман қайнарына апаратын жолдың жағдайы қанағаттанарлықсыз болған. Асфальт төселмегендіктен, туристер жол талғамайтын көліктерді жүргізушісімен бірге 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін жалдауға мәжбүр еді. Былтыр жолдың ені 4 метрден 8 метрге дейін кеңейтіліп, биыл алғаш рет асфальт төсеу жұмыстары қолға алынды. Жөндеу толық аяқталғаннан кейін туристер Шығыс Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі – Рахман қайнарына заманауи әрі қауіпсіз жол арқылы қатынай алады. Мемлекеттік мүлікті сату бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы "Рахман қайнары" санаториіне аукцион өткізілген еді. Бұған дейін кешен иесі алаяқтық жасады деп айыпталған "Бипэк авто" автохолдингіне тиесілі болған. “Азия Авто” АҚ және “Бипэк Авто Қазақстан” АҚ бақылаушы акционері болған Анатолий Балушкин халықаралық іздеуде жүр.

Айым Атамбаева
Жұма, 17 Шілде, 2026 17:37