Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбылдық хирургтер алғаш рет төменгі ерінді қайта қалыпқа келтірді

қатерлі ісік
Фото: Жамбыл облысы

Жамбыл облысының онкохирургтері өңір тарихында алғаш рет төменгі еріннің қатерлі ісігін алып тастап, оны науқастың өз тіндерінің көмегімен қайта қалпына келтірді. Дәрігерлер бұл операцияны хирургиялық онкологиядағы маңызды жетістік деп бағалап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жамбыл облысында онкохирургтер алғаш рет төменгі еріннің қатерлі ісігін алып тастағаннан кейін оны қалпына келтіру бойынша күрделі операцияны сәтті орындады. Дәрігерлер ісікті толық алып қана қоймай, науқастың ерін пішінін, сөйлеу және тамақтану қабілетін сақтап қалды.

Науқаста төменгі еріннің қатерлі ісігінің ісік бастапқы орнынан асып, көрші тіндерге таралған түрі анықталған. Операцияны жүргізген Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Төлешевтің айтуынша, ең үлкен қиындық қатерлі ісіктің төменгі еріннің едәуір бөлігін зақымдауы болған.

"Мұндай жағдайда екі міндет қатар шешіледі. Алдымен қатерлі ісікті толық алып тастау қажет, сонымен бірге науқастың қалыпты тамақтану, сөйлеу және ерінін жабу қабілетін сақтап қалу үшін еріннің анатомиялық құрылымы мен қызметін бірден қалпына келтіру керек. Бұған қоса, косметикалық нәтижесі де қанағаттанарлық болуы тиіс", – деді хирург.

Ота шамамен төрт сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде хирургтер қатерлі ісікті толық алып тастап, науқастың өз тіндерін пайдалана отырып төменгі ерінді қайта қалыптастырды. Сондай-ақ мойын аймағындағы лимфа түйіндері де алынды.

Осылайша дәрігерлер науқастың сөйлеу және өздігінен тамақтану қызметін сақтап қалуға қол жеткізді. Дәрігердің айтуынша, операциядан кейінгі алғашқы күндері-ақ науқас ерінін қимылдатып, сөйлей бастайды. Жарақаттың жазылуына қарай дәрігердің рұқсатымен жұмсақ тағамдарды біртіндеп тұтынуға болады.

Еріннің толық қызметінің қалпына келуі, сөйлеудің қалыпқа келуі және күнделікті өмірге бейімделу орта есеппен 4-8 аптаға созылады. Бұл мерзім әр науқаста әртүрлі болуы мүмкін.

Алғашқы уақытта ісінуге және ұсақ жүйке ұштарының зақымдануына байланысты еріннің сезімталдығы төмендеуі ықтимал. Алайда тіндер жазылған сайын сезімталдық біртіндеп қайта оралады.

Қайрат Төлешевтің айтуынша, әзірге қайта операция жасаудың қажеттілігі жоқ. Себебі хирургтер алғашқы отаның өзінде еріннің пішіні мен қызметін барынша қалпына келтіруге тырысқан.

Отадан кейін бір ай өткен соң пациент қалыпты сөйлеп, тамақтана алады, ал төменгі еріннің пішіні сәтті қалпына келген. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл өңірдегі хирургиялық онкологияның дамуындағы маңызды жетістік саналады. Енді облыс тұрғындары мұндай күрделі медициналық көмекті алу үшін республикалық клиникаларға бармай-ақ, өз өңірінде ем қабылдай алады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық ғалымдар әзірлеп жатқан DVC онкологиялық препараты бірнеше жылдан бері зерттеліп келе жатқанын жаздық. Препаратты Назарбаев университеті жанындағы Ұлттық зертхана әзірлеген. Бұған дейін оның клиникаға дейінгі және адамдарға жүргізілген алғашқы клиникалық сынақтары оң нәтиже көрсеткені хабарланған. 2025 жылы әзірлеме 160 миллион долларға бағаланғаны айтылды. Қазір препарат Астана және Қарағандыдағы онкологиялық орталықтарда қосымша клиникалық сынақтардан өтіп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі препаратты 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда ұлттық деңгейде тіркеп, кейін халықаралық тіркеу рәсіміне шығаруды жоспарлап отыр.

Айым Атамбаева
Жұма, 17 Шілде, 2026 18:05