Қазақстанға емделуге кімдер келеді: Министрлік шетелдік науқастар арасында сұранысқа ие медициналық қызметтерді атады

Соңғы бес жылда Қазақстанға медициналық көмек алу үшін келетін шетелдік пациенттер саны 4,5 есеге артты. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі медициналық туризмді дамытуға арналған бірыңғай мемлекеттік модельді әзірлеп жатыр. Бұл бастама медициналық қызмет алу үдерісін жүйелеп, реттеуге бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанға ем алу үшін келетін шетелдіктердің басым бөлігі – ТМД елдерінің азаматтары.
“Қазақстанға емделуге келетін шетелдік пациенттер санының ең көп өсімі – Ресей, Қытай, Үндістан және Түркия азаматтары. Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін пациенттер легі тұрақты сақталып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің шамамен 2%-ы елге медициналық көмек алу мақсатында келген. Ол кезде мұндай пациенттердің басым бөлігі ТМД елдерінің азаматтары болған”, – делінген министрлік жауабында.
Шетелдіктер Қазақстанға қандай медициналық қызметтер үшін келеді?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шетелдік азаматтар Қазақстанға көбіне кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, репродуктивті медицина, пластикалық хирургия, стоматология, жоғары дәлдіктегі диагностика, Check-up бағдарламалары және санаторий-курорттық ем алу үшін келеді.
Шетелдік пациенттер санының артуына қарамастан, министрлік медициналық туризмнің дамуына бұл саланы ұйымдастыратын бірыңғай жүйенің жоқтығы кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.
"Жекелеген клиникалар, заманауи технологиялар мен шетелдік пациенттер бар. Алайда бірыңғай маршрут, түсінікті қызмет пакеттері, халықаралық деңгейде жүйелі ілгерілету және әр өңір мен әр медициналық ұйымның жауапкершілігі нақты айқындалмаған. Сондықтан әрбір қатысушының функциясын бекітетін бірыңғай модель әзірлеу қажет", – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев кеңес барысында.
Министрліктің мәліметінше, қазір медициналық туризмді дамытуға арналған бірыңғай мемлекеттік модель әзірленіп жатыр.
Ол медициналық туристер ағынын есепке алатын цифрлық платформаны құруды, бірыңғай операциялық терезені іске қосуды, қызмет сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуді, сондай-ақ шетелдік пациенттерге нақты маршрутпен толық сүйемелдеу қызметін ұйымдастыруды көздейді.
Бұған дейін Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келетіні туралы жазған едік.
Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәр Сарсенбаеваның айтуынша, елімізге туристер әртүрлі мемлекеттерден келіп жатыр.
“Медициналық туристердің ең көп ағыны Қытай, Үндістан, Түркия, сондай-ақ Еуропа, Америка, Шығыс және Орталық Азия елдерінен, Таяу және алыс шетелдерден, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінен, Ұлыбританиядан, Германиядан, Армениядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және басқа мемлекеттерден тіркелді. Олар медициналық қызметтер сапасының "алтын стандарты" – Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредитациясы бар жетекші ұлттық клиникалар мен ірі өңірлік орталықтарға жүгінеді”, – деді ол.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті
Оқыңыз