Алматыда ортақ қарыз үшін енді барлық тұрғынның жарығы өшірілмейді

Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ электр қарызы үшін барлық пәтердің жарығын өшіру тәжірибесі тоқтатылады. Енді электр энергиясынан тек берешегі бар пәтерлер ғана ажыратылады. Алайда лифт, кіреберіс жарығы мен паркинг секілді ортақ пайдаланылатын қызметтер бойынша қарыз өтелмесе, бұл шектеулер бүкіл тұрғындарға ортақ күйінде қала береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ электр энергиясына қатысты жаңа тәртіп енгізілмек. Бұған дейін тұрғын үйдің ортақ қарызы үшін бүкіл үйдің жарығы өшірілсе, енді мұндай жағдайда тек берешегі бар пәтерлер ғана электр қуатынан ажыратылады.
Соңғы уақытта құрылыс компаниялары немесе пәтер иелері кооперативтері (ПИК) ортақ электр энергиясы үшін қарызға батқандықтан, жарықтан қарызы жоқ тұрғындар да қағылып келген. Осыған байланысты "Алатау жарық компаниясы" әкімдікпен бірлесіп, әр пәтерге жеке есепшот ашу, қосымша келісімдер жасау және техникалық шешімдер енгізу жұмыстарын қолға алған.
Алайда бұл өзгеріс ортақ пайдаланылатын орындарға қатысты қарыз мәселесін толық шешпейді.
"Алатау жарық компаниясы" АҚ "Энергосбыт" филиалының жабдықтау жөніндегі басқарушы директоры Диана Нұрбақованың айтуынша, егер лифт, кіреберіс жарығы немесе паркингтің электр энергиясы үшін берешек жиналса, бұл қызметтер бәрібір өшіріледі.
"Тұрғындарға дербес есепшот ашылған күннің өзінде, егер кезекшілік жарыққа, лифтке немесе паркингке қатысты қарыз болса және шарт талаптары орындалмаса, біз бас есептеу құралынан электр қуатын ажыратуға мәжбүр боламыз", – деді ол.
Яғни тұрғындардың жеке пәтерлеріне электр энергиясы беріліп тұрғанымен, ортақ пайдаланылатын аумақтардың электр жарығы мен лифттің жұмысы қарыз толық өтелгенге дейін тоқтатылуы мүмкін. Бұл талапқа алматылықтардың бір бөлігі келіспейтінін айтып, жүйені қайта қарауды сұрап отыр.
Еске салайық, бұған дейін "Алатау жарық компаниясы" ірі қарызы бар тұрғын үй кешендеріне электр энергиясы өшірілетіні туралы ескерту жасаған болатын. Соның ішінде "Алма Сити" тұрғын үй кешенінің берешегі шамамен 300 миллион теңгеге жетіп, тұрғындар бірнеше рет жарықсыз қалған.
Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта борышкер тұрғын үй кешендерімен қарызды бөліп төлеу жөнінде келісімдер жасалып жатыр. Егер бұл міндеттемелер орындалмаса, электр энергиясын ажырату шарасы қайта қолданылады.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз