Алматы облысында салон арқылы көлігін сатқысы келген 30-дан аса адам темір тұлпарсыз қалды

Алматы облысында көлігін автосалон арқылы сатқысы келген 30-дан астам адам машинасыз қалды. Темір тұлпарды жылдам өткізіп, ақшасын 14 күнде береміз деген орталық мүлікті атына аударып алғаннан кейін хабарсыз кеткен. Шағымданушылардың айтуынша, автосалон көліктердің бірін ломбардқа кепілдікке қойса, енді бірін қолдан қолға өткізіп, ақырында жоғалтып тынған. Енді жаяу қалған жұрт полицияға арызданып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көліксіз қалған бұл көптің айтуынша, автосалон қызметкерлері машинаны лезде сатып, бағаны түсірмей өткізіп береміз деп қызықтырған. Соған сенген жұрт кілт пен құжатты тапсырып, әрі қарай өзіміз реттейміз деген соң сатылымнан түскен ақшасын күтеді. Осылайша бірі нарықтағы құны 3 миллион теңге "Мерседесін", бағасы 20 миллион теңгеден асатын "Тойотасын" автосалон қызметкерлерінің атына ойланбастан ауыстырғанын айтады.
“Міне салонның алдында тұрмыз. Ешкім жоқ. Қаншама адам тұр. Не істерімізді білмейміз. Кейбірі 60 миллионын, бірі 8 миллионын қайтара алмай жүр. Енді кім жауап береді бұл нәрсеге”, – дейді жәбірленуші Айбын Жұмабеков.
Жәбірленушілердің айтуынша, автосалон қызметкерлері олардың бәріне көлікті жылдам сатып, ақшаны 2 аптаға жетпей саламыз депті. Бірақ түбінде не машина, не ақша да жоқ. Шағымданған жұрт автосалонның бос қалған кеңсесінің табалдырығын тоздырып жүр.
“Келісімшарт, бәрі бар. Ақшасы жоқ. Біз кезінде көлікті 8 миллионға сатып алып, одан төмен бағаға саттық. 6 миллион теңгеге. Соны да ала алмай отырмыз. Сол ақша да жоқ. Күнде айтатыны "Ертең, ертең, осы күні болып қалады" деді. Қазіргі уақытта сатылып кеткен уже, қайда екенін білмейміз”, – деді тағы бір жәбірленуші Азиза Абдухаимова.
Бүгінде автосалон кеңсесінде қызметкерлері көрінбейді. Бірақ ішінде бірнеше көлік тұрғаны байқалады. Мекеме басшысы қайда екені белгісіз. Ал компанияның картадағы мекенжайында қызметі тоқтаған деп көрсетілген. Байланыс телефонына қоңырау бармайды.
Шағымданушының бәрі Қарасай ауданының полициясына жаппай арыз қалдырып, автосалон қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етіп жатыр. Олар көлікті, не сатылымнан түскен ақшаны толық көлемде өндіріп алмақшы.
Әзірге құзырлы органдар арызданушылар қатары күн сайын көбеюіне байланысты оқиға бойынша ресми жауап бермеген.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды