Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 шілдеден бастап Қазақстанда электр энергиясының құны күрт өспек

электр энергиясы баға
Фото: magnific.com

Қазақстанда электр энергиясының тарифі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тағы қымбаттауы мүмкін. Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдар үшін шекті тарифтерді қайта қарау туралы бұйрық жобасын әзірледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құжат қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында жарияланды. Ұсынылып отырған өзгерістер елдегі ірі энергетикалық сектордың басым бөлігіне әсер етеді.

Әңгіме тарифтерді қайта қарауға өтінім берген 60 энергия өндіруші компания туралы болып отыр. Қолданыстағы тарифтерді өзгертуге дәл осы өтінімдер негіз болған.

Сонымен бірге тарифтердің өсуі барлық компанияларда бірдей болмайды. Кейбір электр станцияларында баға бірнеше пайызға ғана өссе, енді бірінде екі еседен астам қымбаттауы мүмкін.

Энергетика министрлігі бұл өзгерістерге себеп болған – саладағы қазіргі жағдай деп отыр.

“Тарифтерді қайта қарау тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге және ескірген энергетикалық нысандарды жаңғыртуды жеделдетуге мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді ведомство.

Қосымша түскен қаражат жөндеу жұмыстарына және жабдықтарды жаңартуға жұмсалмақ. Билік осылайша энергия жүйесінің сенімділігін арттырып, апаттар қаупін азайтуды көздейді.

Министрлік ресми құжатта жаңа тарифтердің әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдары болмайды деп көрсеткен.

Әзірге бұл жоба қоғамдық талқылау кезеңінде тұр. Яғни, түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Егер құжат бекітілсе, электр энергиясының жаңа тарифтері 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі мүмкін.

Бұған дейін Қазақстанда электр энергиясының тарифі қайта қаралатыны туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 14:46