Алматыда жезөкшелікпен айналысқан 430 пәтердің иесі жауапқа тартылды

Алматыда жыл басынан бері интимдік қызмет көрсетілген 430 пәтер анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда интимдік қызмет көрсетілген 430 пәтер анықталды. Олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 750 секс-қызметкер профилактикалық есепке қойылған. Жыл басынан бергі мәліметті Алматы қалалық полициясы жариялады.
Полицейлер жалдамалы пәтерлерге тұрақты түрде рейд жүргізеді. Мекенжайларды интернеттегі хабарландыру сайттары арқылы анықтайды, сондай-ақ көршілерден де шағым түседі.
Тексеру кезінде қыз-келіншектердің көбі жүздерін жасыруға тырысқанымен, олар есепке алынады.
Кейбірі жұмысты интернет арқылы тапқанын, ал оны ұйымдастырушыларды мүлде көрмегенін айтқан.
Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, көрсетілетін қызметтің бағасы орта есеппен 55 мың теңгеден басталады. Тіпті кей жерлерде төлемді бөліп төлеуге де мүмкіндік бар екені анықталған.
"Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері интимдік қызмет көрсетілген шамамен 430 пәтер анықталды. Олардың иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 450-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, шамамен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды", – деді Тимур Ноғайбаев.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда шетел азаматы қыздардың сеніміне кіріп, интимдік сипаттағы фото және видеоларын алып, оларды әлеуметтік желілерде жариялаймын деп қорқытып, ақша бопсалағаны белгілі болған еді. Жәбірленушілердің арызынан кейін күдікті ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстардың алдын алу үшін азаматтарды жеке мәліметтері мен интимдік материалдарын бейтаныс адамдарға жібермеуге шақырған еді.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз