Apple Nvidia-ны басып озып, әлемдегі ең қымбат компания атанды

Apple қайтадан әлемдегі ең қымбат компания атанды. Компанияның нарықтағы құны 4,9 триллион долларға жетіп, Nvidia-ны басып озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BILD_Russian порталына сілтеме жасап хабарлайды.
iPhone өндірушісі Apple нарықтық капитализация бойынша чип өндірушісі Nvidia-ны қайта басып озды. Компания акцияларының аздап қымбаттауынан кейін Apple-дың нарықтық құны шамамен 4,9 триллион долларға жетті. Ал Nvidia-ның капитализациясы 4,8 триллион доллар шамасында.
Қазіргі уақытта технологиялық сектордағы инвесторлар инвестициялық портфельдерін қайта қарап жатыр. Кейінгі айларда жасанды интеллект пен жартылай өткізгіштер саласындағы компаниялар акцияларының рекордтық өсімінен кейін көпшілік осы сектордағы үлестерін сатып, қайтадан Apple акцияларына бет бұрған.
Apple акцияларының өсуіне HSBC банкінің оң бағасы да серпін берді. Банк сарапшылары компания акцияларын сатып алуға кеңес беріп, алдағы өсімге жасанды интеллектке негізделген жаңа мүмкіндіктерді, жаңартылған Siri қызметін, Apple Intelligence жүйесінің жаңа нарықтарға шығуын және компанияның болашақ өнімдер желісін, оның ішінде жиналмалы iPhone шығарылуы мүмкін екенін негізгі факторлар ретінде атады.
Енді компаниялардың акцияларының әрі қарайғы қозғалысы тоқсандық қаржылық есептерге байланысты болмақ. Apple өз көрсеткіштерін 30 шілдеде, ал Nvidia 26 тамызда жариялайды.
Инвесторлар әсіресе Apple-дың қызмет көрсету бизнесінің табысына, Қытай нарығындағы жағдайға және iPhone 18 туралы жаңалықтарға ерекше назар аударып отыр. Осы есептердің нәтижесі алдағы апталарда қай компанияның әлемдегі ең қымбат компания мәртебесін сақтап қалатынын анықтауы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Apple компаниясын 15 жыл басқарған Тим Кук бас директор қызметінен кететінін жазған едік. Тим Кук Apple компаниясының бас директоры қызметіне 2011 жылы Стив Джобстың орнына тағайындалған еді. Оның басшылығы кезінде компанияның нарықтық құны 350 миллиард доллардан 4 триллион долларға дейін өсіп, Apple Watch, AirPods және Vision Pro сияқты жаңа өнімдер мен Apple Pay, Apple Music, iCloud секілді сервистер іске қосылды.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз