Apple MacBook пен iPad бағасын көтеріп жіберді

Apple компаниясы MacBook пен iPad құрылғыларының бағасын қымбаттатты. Бағаның өсуіне жад чиптері мен дерек сақтау құрылғылары құнының артуы себеп болған. Әзірге өзгеріс iPhone, Apple Watch және AirPods бағасына әсер еткен жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Apple компаниясы MacBook пен iPad құрылғыларының бағасын көтерді. Компания мұны жад чиптері мен дерек сақтау құрылғылары құнының қымбаттауымен түсіндірді.
Жаңа бағаларға сәйкес, MacBook Neo 599 доллардан 699 долларға (338 183 теңге), 13 дюймдік MacBook Air 1099 доллардан 1299 долларға (628 070 теңге), ал 14 дюймдік MacBook Pro 1699 доллардан 1999 долларға (967 137 теңге) қымбаттады. 16 дюймдік MacBook Pro енді 2999 доллардан (1 450 947 теңге) басталады.
Сондай-ақ 11 дюймдік iPad Pro бағасы 999 доллардан 1199 долларға (580 889 теңге), 13 дюймдік iPad Pro 1299 доллардан 1499 долларға (726 032 теңге) өсті.
Базалық iPad енді 449 доллар (217 431 теңге) тұрса, iPad mini бағасы 599 долларға (289 802 теңге) жетті. Ал iMac үстелдік компьютері 1499 доллардан (726 032 теңге) сатылатын болды.
Әзірге баға өсімі iPhone, Apple Watch және AirPods құрылғыларына әсер еткен жоқ. Дегенмен, компания алдағы уақытта басқа өнімдердің бағасын да қайта қарауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Apple компаниясын 15 жыл басқарған Тим Кук бас директор қызметінен кететінін жазған едік. Тим Кук Apple компаниясының бас директоры қызметіне 2011 жылы Стив Джобстың орнына тағайындалған еді. Оның басшылығы кезінде компанияның нарықтық құны 350 миллиард доллардан 4 триллион долларға дейін өсіп, Apple Watch, AirPods және Vision Pro сияқты жаңа өнімдер мен Apple Pay, Apple Music, iCloud секілді сервистер іске қосылды.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз