Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зайсан көлінде қайықтары аударылып, суға батып кеткен екі балықшының денесі табылды

зайсан екі балықшы

Фото: ШҚО ТЖД

 

Шығыс Қазақстан облысында Зайсан көліндегі іздеу жұмыстары аяқталды. Суға батып кеткен екі ер адамның денесі судан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылдық округіне қарасты Зайсан көлінде қайық аударылып, суға батып кеткен екі балықшыны іздеу-құтқару жұмыстары аяқталған.

“15 қыркүйекте үш ер адам көлде қайықпен балық аулаған. Қатты желдің салдарынан қайық аударылып кеткен. 1968 жылы туған балықшылардың бірі өздігінен судан шығып, жергілікті тұрғындар тарапынан құтқарылды. 1968 және 1995 жылдары туған екі ер адам суға батып кеткен. Олардың құтқару кеудешелері болмаған”, – делінген хабарламада. 

18 қыркүйекте іздеу жұмыстары барысында жергілікті тұрғындар 1968 жылы туған ер адамның денесін тапты.

1995 жылы туған екінші марқұмның денесін ТЖМ сүңгуірлері жағалаудан 8,9 шақырым қашықтықтан анықтады.

Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Құтқарушылар көлдің едәуір аумағын, соның ішінде су астындағы техникалық құралдарды пайдалана отырып, тексерді. ТЖМ сүңгуірлері 8 рет суға түскен.

Құтқару бөлімшелерінің жұмысына көлдің тереңдігі, түбінің күрделі бедері және су астындағы көрінудің шектеулі болуы қиындық келтірген.

Еске салсақ, бұған дейін суға батып бара жатқан балықшыны құтқармақ болған қазақстандық құтқарушы қаза тапқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 18:40