Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бала әлеуметтік желіден антистресс ойыншықтар туралы видео көріп, зардап шекті

ойыншық
Фото: Видеодан скрин

Кәдімгі балалар ойыншығы қауіпті тәжірибенің құралына айналуы мүмкін. Қазір интернетте күнделікті қолданылатын заттарды мұздатып, қыздырып немесе түрлі жолмен сынайтын видеолар көбейіп келеді. Таразда кішкентай қыз осындай тәжірибелердің бірін қайталап, күйіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Интернеттегі қауіпті тәжірибе

Жұмсақ әрі түрлі түсті сквиш ойыншықтарын мыжуға, созуға болады. Негізі, олар осындай мақсатта жасалған. Алайда интернетте балаларға ойыншықпен бұдан да түрлі тәжірибе жасау ұсынылады. Мысалы, мұздатып көру, микротолқынды пешке салып қыздыру немесе жоғары температураға қалай төтеп беретінін тексеру.

Экраннан мұндай видеолар қызықты әрі көңілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның соңы денсаулыққа қауіпті жағдайға әкелуі ықтимал.

Осындай тәжірибені Таразда кішкентай қыз да қайталап көрген. Алдымен ол сквишті мұздатқышқа салған, кейін микротолқынды пешке қойған.

Қыздың анасының айтуынша, оқиға түн ортасында болған.

“Түн ортасында қызым қатты айғайлап, жылай бастады. Асүйге жүгіріп барсам, қолы мен аяғында қатты күйік бар екен. Кейін қызым сквишті микротолқынды пештен алған кезде, оның ішінен сұйықтық ағып, өзіне тигенін айтты”, – дейді Данагүл Қайранова. 

Мұндай жағдай бір ғана Таразда болған жоқ

Мамандардың айтуынша, бұл – жалғыз жағдай емес. Осындай оқиғалар басқа елдерде де тіркелген. Оның үстіне ойыншықты қыздырған кезде ғана емес, оны қалыпты пайдалану кезінде де қауіп туындауы мүмкін.

“Балалар ойыншықтарды қолына ұстап жүреді. Кейде олармен бірге ұйықтайды, тіпті аузына салуы мүмкін. Сондықтан ойыншықтың құрамын білу маңызды”, – дейді педиатр Жібек Дәсербай. 

Маманның айтуынша, кей ойыншықтардың құрамында теріні тітіркендіріп, тіпті күйікке әкелуі мүмкін қауіпті заттар болуы ықтимал.

Баланың жасына қарай қауіп те өзгереді

Ойыншықтан туындайтын қауіп баланың жасына да байланысты.

Кішкентай балалар үшін ұсақ бөлшектер қауіпті. Ал бала өскен сайын басқа қауіп пайда болады. Ол ойыншықты нұсқаулықта көрсетілгендей пайдаланбай, оны түрлі жолмен сынап көруге қызығуы мүмкін.

Мұндай идеяларды балалардың көбі интернеттен көреді.

Психологтың айтуынша, балалар әлеуметтік желіде өз қатарластарының немесе жасөспірімдердің түрлі трендтерді қайталап, видео түсіріп жатқанын көреді. Олар үшін бұл оңай, қызық әрі көңілді көрінеді.

“Балада “Неге мен де осындай видео түсіріп көрмеймін?” деген ой пайда болады. Бұл оларға қызық. Қысқа уақыт ішінде дофамин алуға деген ұмтылыс та осындай әрекетке итермелеуі мүмкін”, – дейді психолог Саяжан Төлегенова.

Тек тыйым салу жеткіліксіз

Маманның пікірінше, баланың қауіпті тәжірибелерге қызығушылығын жай ғана тыйым салу арқылы тоқтату қиын.

Ата-ана баланың қызығушылығын елемей қоймай, онымен бірге интернеттегі видеоларды қарап, олардың не себепті қауіпті екенін түсіндіргені жөн. Сонымен қатар қауіпті тәжірибенің орнына баланың қызығушылығын қанағаттандыратын, бірақ денсаулығына зиян келтірмейтін қауіпсіз балама ұсыну маңызды.

Демек балаға тек “болмайды” деудің орнына, оның неге болмайтынын түсіндіріп, қауіпсіз жолын бірге іздеген дұрыс.

Айта кетейік, бұған дейін Алматылық Әсел Пак 7 жастағы қызының сквиш ойыншығы жарылып, ішінен аққан гель тәрізді сұйықтық баланың қолын күйдіріп тастағанын айтқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 17:30