Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Астанада Тәуелсіздік сарайында сегіз елдің төтенше және өкілетті елшісінің Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенім грамоталарын Мысыр Араб Республикасының елшісі Самех Шехата, Швейцария Конфедерациясының елшісі Кристина Хонеггер-Золотухин, Эстония Республикасының елшісі Марье Лууп, Оман Сұлтандығының елшісі Салах Джабуб, Мажарстан елшісі Ференц Цомбош, Гвинея-Бисау Республикасының елшісі Браима Эмбало, Нигерия Федеративтік Республикасының елшісі Джозеф Олусола Иджи мен Дания Корольдігінің елшісі Ларс Туесен табыстады.
Президент елшілерге ілтипат білдіріп, еліміздің сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізді.
“Бүгін – шын мәнінде, елдеріңіздің өкілі ретінде Сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан бейбітсүйгіш ел саналады. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Сыртқы істер министрлігінің, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президент резиденциясының Сіздер үшін әрдайым есігі ашық. Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты рәсімде Эстонияның жаңа елшісі Марье Лууптың ұлттық киімі де назар аудартты. Кейін журналистерге сұхбат берген дипломат оның Эстониядағы Рапла уезіне тән киім екенін түсіндірді.

"Эстонияның әр өңірінің өз дәстүрлі киімі бар. Оның бірнеше жүз түрі кездеседі. Осындай маңызды шараларға біз оларды мақтанышпен киіп келеміз", – деді Лууп.
Елші Қазақстан мен Эстонияның экономика, цифрландыру, электронды мемлекеттік басқару және білім беру салаларындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндігі бар екенін де айтты. Оның сөзінше, Эстонияның цифрландыру тәжірибесі екі елдің бірлескен жобаларына негіз бола алады.
Лууп былтыр Эстония президенті Алар Каристің Қазақстанға келгенін еске салды. Сол сапарда тараптар бірнеше бағыттағы ынтымақтастықты талқылап, бірқатар меморандумға қол қойған.
“Айтсаң, өлтіремін деді": Ақтөбеде оқушы қызды бала кезінен танитын көршісі зорлаған
