"Сұмпайы болмаңыздар": Қазақстанның Ресейдегі елшісі жастарға күтпеген кеңес берді
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Екатеринбургте өткен Халықаралық жастар фестивалінде сөз сөйледі. Ол қатысушыларға болашақта қажет болатын үш қасиетті атады. Алғашқы кеңесін ерекше түрде жеткізіп, жастарды “сұмпайы болмауға” шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дипломаттан мотивациялық кеңес
Абаев фестивальге қатысушыларға болашақта қажет болатын қасиеттерді айтты. Ең алдымен жақсы адам болып қалудың маңызы зор екенін жеткізді. Алайда ол бұл ойын әдеттен тыс әрі тура жеткізді.

“Сұмпайы болмауыңыз керек. Дұрыс аударылады деп үміттенемін. Біріншісі – осы. Егер мен “жақсы адам болыңыздар” десем, мұны есте сақтамауларыңыз мүмкін. Сұмпайы болмау – өте маңызды дағды, қасиет. Сонда болашақта бәрі дұрыс қалыптасады”, – деді Абаев.
Екінші кеңесі – өз ісінің кәсіби маманы болу.
“Не іспен айналыссаңыз да, өз ісіңіздің маманы болуыңыз керек. Бұл – міндетті”, – деді ол.
Абаев үшінші кеңесін жаңа адамдармен танысуға және қоғамдық белсенділікке арнады. Оның айтуынша, студенттер тек оқумен шектелмей, араласатын ортасын кеңейтуге мүмкіндік беретін түрлі шараларға да қатысуы керек.
Ол мысал ретінде өзінің студенттік кезін еске алды. Абаев студенттік кәсіподақ төрағасы болғанын, футбол ойнағанын және КВН-ге қатысқанын жеткізді. Сонымен қатар 1997–1998 жылдары Қазақстан КВН чемпионатында жеңіске жеткенін айтты.
“Университетті бітірген кезде нетворкингім қандай болғанын, топтастарыммен салыстырғанда қанша адамды танығанымды елестетіп көріңіздерші. Сіздерде қазір ең басты ресурс – уақыт бар. Студентсіздер. Маған сеніңіздер, оқу бітірген соң дәл осы кездегідей бос уақыттарыңыз болмайды”, – деді Абаев.
Бұл Абаевтың алғашқы даулы пікірі емес
Дәурен Абаевтың бұған дейінгі мәлімдемелері де қоғамда қызу талқыға түскен.
Елші 2025 жылы Қазақстан халқының 95%-ы орыс тілінде сөйлейтінін айтып, мұны “бәсекеге қабілеттілік” беретін фактор ретінде атаған.
Экс-депутат Абзал Құспан Абаевтың бұл сөзімен келіспейтінін білдірді.
“Халықтың 95%-ы орыс тілінде сөйлейді деу – өте ұят. Әсіресе қазақ тілін қорғамау – оған түкірумен тең. Мұны отандасымыздың аузынан есту ауыр. Ал ел атынан сөйлейтін шенеуніктен есту екі есе ауыр. Мен бұл пікірмен толық келіспеймін”, – деген еді Құспан.
Айта кетейік, Дәурен Абаев 2023 жылдан бері Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарып келеді.
Еске салайық, бұған дейін Еліміздің Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Қазақстан халқының 95%-ы орысша сөйлейтінін және оны мықты тұсы деп санайтынын жеткізгені туралы жазған едік.
"Тексермесе, төлемей отыра береді": Алматы тұрғындары жолақысын төлемейтін жолаушылар көбейгеніне шағымданды