Қазақстанда шетелдіктердің қатысуымен 64 мың бизнес ашылған: Оның жартысы қызмет көрсету саласында
"Шетелдік компаниялар Қазақстан нарығына кіргенде отандық бизнес ұтылып қалмай ма?" деп құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев қызмет көрсету саласындағы тең жағдай мәселесін көтерді. Министр шетелдік компанияларға қосымша преференция берілмейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат қызмет көрсету саласының Қазақстан экономикасындағы үлесі жоғары екенін атап өтті. Ол ұлттық статистика бюросының дерегін алға тарта отырып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызмет көрсету секторының Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 58% болған.
"Енді Ұлттық банктің деректеріне сенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызмет саудасының көлемі 26,8 миллиард долларға жеткен. Осылайша, экспортты 8%-ға ұлғайтып отыр. Осы қызмет көрсету саласын дамыту үшін жаңа халықаралық міндеттемелер, екіжақты салдардың түсуі маңызды болып табылып отыр. Қазақстанның қызмет көрсету нарығындағы қанша жалпы шетелдік қызмет көрсетуші бар екенін түсіндіріп айтып кетсеңіз?", – дейді депутат.
Осыған байланысты депутат Қазақстанның қызмет көрсету нарығына шетелдік компаниялардың үлесі артып келе жатқан жағдайда, отандық қызмет көрсетушілер үшін тең емес жағдай туындау қаупі бар-жоғын сұрады.
Министр Арман Шаққалиев өз кезегінде Қазақстанда шетелдік қатысумен 64 мың заңды тұлға тіркелгенін, олардың жартысы қызмет көрсету саласында жұмыс істейтінін айтты.
"Негізінен, олардың көбі саудамен айналысады. Сонымен қатар IT, консалтинг және қаржы қызметтері саласында жұмыс істейтіндері де бар. Ең бастысы, ережелер шетелдік компанияларға қосымша артықшылық бермейді. Оларға ешқандай преференция немесе қосымша мүмкіндік қарастырылмайды. Мұнда асты қағидат теңдік. Біздің компаниялар да, шетелден келген компаниялар да Қазақстан аумағында ұлттық режимде жұмыс істеуі керек", – деді министр Арман Шаққалиев.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамытуға арналған жиында ел экономикасының өсімі 6%-дан асатынын және ЖІӨ алғаш рет 300 млрд доллардан жоғары болатынын мәлімдеді. Ол экономиканы әртараптандыру мен дайын өнім экспортын арттырудың маңызын атап өтіп, шағын және орта бизнеске қолдауды күшейту қажет екенін айтты. Сонымен қатар мемлекет басшысы көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені көтеріп, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашуды тапсырды. Оның айтуынша, бұл салада нақты сұраныс бар, бірақ әлі күнге дейін жүйелі түрде қолға алынбаған.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты
