Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үй алу үшін ең маңыздысы – нақты мақсат": Қазақстандық азаматтар "Наурыз" бағдарламасы арқылы қалай баспаналы болды

наурыз бағдарламасы

Биыл 6 562 қазақстандық азамат "Наурыз" бағдарламасы арқылы тұрғын үй несиесін рәсімдеді. Олардың арасында 20 жастағы шаш стилисті де, төрт баланың әкесі де, жас отбасы да бар. Түркістан тұрғыны Ардақ пен Ақтау тұрғыны Пірлібайдың, Орал тұрғыны Темірланның баспанаға жету жолы әртүрлі болғанымен, үшеуін біріктіретін бір нәрсе бар: олар үй алуды кейінге қалдырмай, ақша жинауды ертерек бастаған.

"Кілтті қолыма алған сәтте қатты қуандым"

Түркістан тұрғыны Ардақ небәрі 20 жаста. Ол шаш стилисті болып жұмыс істейді. Жас болғанына қарамастан, биыл өз атына баспана рәсімдеп, өз үйіне кіріп үлгерді.

Ол "Наурыз" бағдарламасы туралы Отбасы банктегі менеджерден естіген. Бағдарламаның шарттарын білген соң, мұны баспана алуға берілген мүмкіндік деп, қатысуға бел буған. Ардақтың айтуынша, үйге ақша жинауға анасы көмектескен.

"Анам екеуіміздің бөлек-бөлек шотымыз болды. Әрқайсымыз өз шотымызға жинай бастадық. Анам едәуір бөлігін жинап қойыпты. Өзім де қолымнан келгенше қажетсіз шығындарымды азайтып, жинауға тырыстым. Кейін қаражатты біріктіріп, алғашқы жарна ретінде қолдандық", – дейді Ардақ.
наурыз бағдарламасы (2)

Ардаққа тек қаржылай емес, құжат рәсімдегенде де анасының көмегі тиіпті. Ипотека рәсімдегенде анасы оған кепілгер болған. Сөйтіп Ардақ Түркістандағы "Нұртас" тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер алды. Қазір сонда тұрып жатыр.

"Үйім өзіме қатты ұнайды. Жарық, жайлы. Ең бастысы – енді бұл менің өз үйім. Кілтін қолыма алып, өз үйіме алғаш кірген сәт өте ерекше болды. Бір жағынан қуаныш, бір жағынан “осы күнге жеттім-ау” деген сезім болды", – дейді Ардақ.

Оның айтуынша, баспана рәсімдеу процесі жақсы өткенмен, өтініштің нәтижесін күту, құжаттарды рәсімдеу және ипотеканың мақұлдануын күту – бәрі де жауапты сәттер болған соң, іштей қатты алаңдаған. Дегенмен соңында барлық уайым бір сәтте жоқ болды дейді.

наурыз бағдарламасы (3)

 

Енді ол баспана алуды жоспарлап жүргендерге депозит ашуды кейінге қалдырмауға кеңес береді. Бұл – ең оңай, бірақ маңызды қадам.
"Депозитті мүмкіндігінше ертерек ашып, ақша жинауды бүгіннен бастау керек. Сома аз болса да, тұрақты түрде жинаған дұрыс. Бағдарлама талаптарын алдын ала зерттеп, құжаттарды дайындап, қойған жөн. Меніңше, үй алу үшін ең маңыздысы – нақты мақсаттың болуы. Мақсат болған кезде ақша жинау да жеңілдейді", – дейді ол.

"Үш жыл ақша жинадым"

Маңғыстау облысының тұрғыны Пірлібай Бабекбаев үшін баспана алу – көптен бері жоспарлап жүрген үлкен мақсаты. 46 жастағы азамат жүргізуші болып істейді. Жұбайы екеуі төрт ұл тәрбиелеп отыр.

Ол "Наурыз" бағдарламасы туралы ертерек естігенімен, оған қалай қатысуға болатынын білмеген. Кейін Отбасы банктің филиалына барып, менеджерден кеңес алған.

"Менеджер Жәнібек Теңізбайұлы бағдарламаның шарттарын түсіндіріп, не істеу керегін айтып берді. Содан кейін әйелім екеуіміз депозит ашып, ақша жинай бастадық. Депозитке үш жыл ақша салдық", – дейді Пірлібай.

Үш жыл бойы тұрақты ақша жинау оңай болмаған. Себебі отбасылық шығын, пәтерақы, несие, азық-түлік, балалардың киімі мен жол шығыны сияқты күнделікті қажет дүниелер де бар. Соған қарамастан, отбасы депозитке ақша салуды тоқтатпаған. "Наурыз" бағдарламасына қатысқан кезде Пірлібайдың депозит шотында шамамен 4 000 000 теңге болған.

Бағдарламаға өткеннен кейін отбасыға баспана іздеуге алты ай уақыт берілген. Пірлібай жұмыстан кейін үй қарап, түрлі нұсқаны салыстырған.

"Сатылатын үйдердің жарнамасы шығатын сайттарды көп қарадық. Барған кезде суреттегідей болмай шығатын үйлер болды, кейбірінің кемшілігі көп. Алты ай бойы үй іздедік. Соңында әйелім екеуіміз қазіргі үйімізге тоқталдық", – дейді Пірлібай.

Қазір Пірлібайдың отбасы Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Жаңа дәулет ауылында тұрады. 2017 жылы салынған бес бөлмелі үйі бар. Кең ауласында жеміс-жидек ағаштары өсіп тұр.

Пірлібай да баспана алуға дайындалып жүргендерге бағдарлама қашан басталады деп күтпей, оған алдын ала дайындалу керек екенін айтады.

"Ақша жинауды ертерек бастаған дұрыс. Депозитке ақша жинаған сайын мемлекеттік сыйлықақы да түседі. Бағдарламаға қатысқанда балл жоғары болғаны маңызды. Сондықтан депозитті толтырып отырған жөн", – дейді ол.

Сондай-ақ ол бағдарламаға қатысушыларына несие мөлшерлемесіне де назар аударуға кеңес береді.

"Пайыз неғұрлым төмен болса, төлеу де соғұрлым жеңіл болады. Сондықтан бағдарламаның шарттарын алдын ала біліп, соған дайындалған дұрыс", – дейді Пірлібай.

"Бағларламаларды зерттеп, қайта-қайта қатысып көре беріңіз"

28 жастағы Орал қаласының тұрғыны Елеубай Темірлан да биыл "Наурыз" бағдарламасы арқылы баспаналы болды. Ол өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Отбасы құрғанына екі жыл. Өзінің айтуынша, жұбайы екеуі үйленбей тұрып-ақ баспаналы болу мәселесін талқылайтын.

наурыз бағдарламасы (1)
"Қыз бен жігіт болып жүрген кезімізде де банктердің шарттарын салыстырып, бағдарламаларды зерттейтінбіз. Ішінде Отбасы банк бізге ең тиімді көрінді. Сөйтіп сол уақытта-ақ әрқайсымыз өз шотымызды ашып қойғанбыз", – дейді Темірлан.

Екеуі үйленіп, бір жыл пәтерден-пәтерге көшіп, жалдап жүрген. Кейін қыздары дүниеге келген соң, баспана мәселесін соза беруге болмайтынын түсінген. Сөйтіп былтыр, 2025 жылы Темірлан "Наурыз" бағдарламасына алғаш рет қатысып көрген. Ол кезде депозитінде 2 000 000 теңге болған. Бірақ бағдарламаға өте алмаған.

Дегенмен бұл сәттен кейін отбасы ақша жинауды тоқтатпаған. Керісінше, бірінші қатысудан кейін бағдарламаның шарттарын жақсырақ түсініп, келесі жылға дайындала бастаған.

наурыз бағдарламасы (4)

Биыл Темірланға жұмысында пәтерге деп қосымша ақы төленген. Бірақ олар бұл ақшаны отбасының күнделікті шығынына жұмсамай, бірден депозитке аударып отырған. Ал жұбайы декрет демалысында болса да, онлайн жұмыс істеп, тапқан табысының бір бөлігін жинаққа салған. Осылайша биыл отбасының депозитінде 3,2 млн теңге жиналған. Нәтижесінде бұл жолы бағдарламаға өтіп, баспана іздеуге мүмкіндік алған.

наурыз бағдарламасы (7)

Алайда отбасы көпқабатты үйден пәтер емес, жер үйді таңдаған. Ата-анасы мен бауырларын жиі қонаққа шақырып, бәрі еркін бас қосатын кең үй болғанын қалаған.

"Екінші нарықтағы үйді сатып алуға 27 000 000 теңге көлемінде несие мақұлданды. Бастапқы жарна 20% болғандықтан, депозиттегі 3 200 000 теңге жетпей қалды. Бірақ тағы жинадық, ата-анамыз малын сатып, өз үлесін қосты. Нәтижесінде бастапқы жарнаға қажет сомадан да асырып, 6 000 000 теңге жинадық. Басында бұл ақшаны қалай табамыз деп уайымдадық. Баланың шығыны, пәтерақы, күнделікті қажет заттар бар дегендей. Бірақ бастысы – барлық фокусты үйге қою екен", – дейді Темірлан.
наурыз бағдарламасы (5)

Ақыры отбасы Орал қаласының маңындағы Асан ауылынан 110 шаршы метр болатын үй алған. Былтыр ғана салынған жап-жаңа әрі кең үй. Қазір олар сол үйіне көшіп келді. Үлкендерді шақырып, құран оқытқан. Темірлан ауласы мен терезелерін ретке келтіріп, үйдің сыртын жөндеуді жоспарлап отыр. Ал жұбайы үйдің ішін өз талғамына сай безендіргісі келеді. Қыздары болса жаңа үйдің кең бөлмелерінде ойнап жүр.

Бір рет бағдарламаға өте алмағанына қарамастан, Темірлан басқа қатысушыларға қайта-қайта әрекет жасап көруге кеңес береді.

"Біріншіден, депозит ашып, ақша жинау керек. Бағдарламаларды, олардың шарттарын зерттеген дұрыс. Банкке ерінбей барып, менеджерден кеңес алу керек. Сонымен қатар осы бағдарламамен үй алған таныстарыңыз болса, тәжірибесін сұраңыздар. Бағдарламаға қатысып көре беру керек. Мысалы, 2 000 000 теңге жинадыңыз ба – “Наурызға” қатысып көріңіз. Өтсеңіз де, өтпесеңіз де, бұл сізге тәжірибе болады. Кейін қандай мәселелерге дайын болу керегін жақсырақ түсінесіз", – дейді Темірлан.

"Наурыз" бағдарламасы туралы не білу керек?

2026 жылы "Наурыз" бағдарламасы арқылы 6 562 қазақстандық тұрғын үй несиесін алды. Оның ішінде 478 көпбалалы отбасы, 40 I және II топтағы мүгедектігі бар азамат, 15 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 34 жесір және жесір ер адам, 429 толық емес отбасы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 87 отбасы бар.

Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға несие 7%, қалған қатысушыларға 9% мөлшерлемемен беріледі.

Жаңа үйді таза әрленген алсаңыз, бастапқы жарна кемінде 10% болуы керек. Қарапайым әрлеудегі немесе екінші нарықтағы үй үшін бастапқы жарна 20%-дан басталады.

Несие сомасы:

  • Алматы мен Астанада – 36 млн теңгеге дейін;
  • басқа өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін.

Бағдарламаға қатысушыларға үй іздеуге алты ай беріледі. Қазір 2 000-ға жуық адам әлі баспана іздеп жүр. Олар үшін бұл мерзім қараша айында аяқталады.

"Наурыз" бағдарламасы 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылды. Бағдарлама сегіз жылға есептелген, сондықтан алдағы бес жылда да баспана алуға мүмкіндік бар. Ал келесі жылға дайындықты қазірден бастауға болады.

"Отбасы банк" мәліметінше, қатысушыларды іріктеу кезінде депозитке жиналған сыйлықақы да маңызды. Оның мөлшері депозиттегі ақшаға, оны қаншалық жиі толықтыратыныңызға және депозиттің қанша уақыттан бері ашық тұрғанына байланысты.

Үш кейіпкердің тәжірибесі де баспанаға апарар жолдың бір күнде басталмайтынын көрсетеді. Мақсатты ертерек қойып, жинақты қазірден бастау – келесі жылы "Наурызға" қатысу мүмкіндігін арттырады.

Stan.kz
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 09:00