Қазақстан азаматы Ресейде есірткі контрабандасы үшін 16 жылға сотталды
Саратов облыстық соты 23 жастағы Қазақстан азаматын Тайландтан төрт келіден астам есірткі контрабандалық жолмен әкелгені және оны сатпақ болғаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот Нұрәділ Ерболовтың ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіріп, әуе курьері, есірткіні ораушы және жасырын орындарға орналастырушы қызметтерін атқаруға келіскенін анықтады.
Ақпанда ол Тайландқа барып, жалпы салмағы төрт келіден асатын тыйым салынған заттар салынған чемоданды алған. Наурызда Қазақстан азаматы жүкті Бангкок – Мәскеу – Саратов бағыты бойынша тасымалдап, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасынан өткен.
Ол есірткіні Саратов облысының Энгельс ауданында жалға алған үйде сақтап, кейін сату үшін бөліп ораған. Алайда тыйым салынған заттарды сатып үлгермеген. 14 сәуірде оны полиция қызметкерлері ұстады.
Сот Қазақстан азаматын Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 229.1-бабы 4-бөлігінің "а" және "б" тармақтарында көзделген қылмысты — ұйымдасқан топ құрамында аса ірі мөлшерде есірткі құралдарының контрабандасын жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сондай-ақ ол Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 30-бабы 3-бөлігі және 228.1-бабы 5-бөлігінде көзделген — ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып, ұйымдасқан топ құрамында аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз өткізуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сотталушыға 500 мың рубль, яғни 2,66 миллион теңге шамасында айыппұл да салынды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейді.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты
