Рэпер Qurt-тың басы тағы да дауға қалды: Полиция қылмыстық іс қозғады
Алматы полициясы қаладағы дәмханалардың бірінің маңында ер адамның соққыға жығылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта оқиғаға қазақстандық рэпер Дамир Қойшыбаевтың (лақап аты Qurt) қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
"Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Барлық қатысушылардың жеке басы анықталды. Оларды ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Тергеу жалғасуда. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", – делінген хабарламада.
Полиция Qurt лақап атымен танылған рэп орындаушысының тергеу аясындағы нақты мәртебесі қандай екенін хабарлаған жоқ.
Оқиға 3 қыркүйекте әлеуметтік желілерде жарияланған жазбадан кейін көпшілікке белгілі болды. Жазба авторының айтуынша, жанжал Алматыда 30 тамыздан 31 тамызға қараған түні болған. Жзабада зардап шеккен адамның шешендік өнер курсының оқушысы болғаны айтылған.
"Жәбірленуші мен куәгерлердің айтуынша, оны қазақстандық рэпер Qurt – Дамир Қойшыбаев ұрып-соққан. Сабақтан кейін курс жетекшісімен бірге шамамен 10 оқушы кешті барда жалғастырған. Жәбірленуші таныстарымен бірге отырған, ал Qurt өз таныстарымен болған. Олар іс жүзінде бір-бірін танымайтын", – делінген жазбада.
Жазба авторының мәлімдеуінше, кейін ер адамдар арасында бұйра шашқа қатысты әзілден кейін жанжал шыққан. Оның айтуынша, Qurt жәбірленушінің жанына екі рет келіп, оны арандатқан.
Жазба автордың айтуынша, жанжал көшеде жалғасып, аяғы төбелеске ұласқан.
"Жәбірленуші не болып жатқанын, тіпті мәселенің неде екенін түсініп үлгермеген. Ол шабуыл болады деп күтпеген. Qurt оны ұрып, шалқасынан асфальтқа құлатып, ұруын жалғастырған. Кейін шыны бөтелкені сындырып, оны мойын тұсына сұғып алуға тырысқан", – делінген жазбада.
Оның айтуынша, ер адам соққыдан жалтарып үлгергенімен, шыны сынығы бетіне тиген.
"Ернін тігуге тура келді. Нәтижесінде миы шайқалып, денесі көптеген жерден көгеріп, кесілген. Қазір жәбірленуші ауруханада жатыр және әрең жүріп жүр. Курстың басқа оқушылары араласып, Qurt-ты алып кеткен. Осыдан кейін ол қашып кеткен, ал жәбірленуші жедел жәрдемді өзі шақырған", – деп жазды жазба авторы.
Айта кетейік, рэпер Qurt бұған дейін зорлық-зомбылыққа қатысты айыптауларға байланысты даудың ортасында қалған еді.
Еске салсақ, 2025 жылдың маусымында рэпер Qurt-тың жүкті жары Аружан Қойшыбаева өзін бір сағат бойы белдікпен ұрып-соғып, пәтерден шығармай қойғанын мәлімдеген еді. Аружан Instagram желісінде көгерген денесінің суреттерін жариялады. Ол қатты айғайлап, көршілердің көмегімен құтқарылғанын, кейін рэпердің елден кетпек болғанын және өзін шағым жазбауға мәжбүрлемек болғанын жеткізді.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты
