Оңтүстік Корея президенті Тоқаевқа тарихи шешімі үшін алғыс айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёң кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі келіссөздермен жалғасты.
Мемлекет басшысы Президент Ли Чжэ Мёңге Кореяға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.
“Біз Кореяда жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге куә болып отырмыз, оған үлкен қызығушылықпен қараймыз. Мұны Сіздің парасатты саясатыңыз бен корей халқының қажырлы еңбегінің жемісі деп санаймыз. Ал генерал Хон Бом До жөнінде әлгінде айттым. Халқыңыз үшін генералдың орны ерекше маңызды. Оның өмір жолы баршаға белгілі. Ол корей халқының нағыз патриоты, қаһарманы деп айтуға болады. Генералдың есімі Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне берілді, сондай-ақ мемориалдық кешен ашылды. Қазақ халқы генерал Хон Бом Доны ерекше тарихи тұлға деп санайды”, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.
“Былтыр телефон арқылы алғаш рет сұхбаттасып, өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға келіскен болатынбыз. Ал бүгін екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік”, – деді Мемлекет басшысы.
Корея Республикасының президенті бес жыл бұрын Кореяға халық қаһарманы, генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтаруға көмектескені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, корей халқы бұл ізгі істі ұмытпайтынын әрі жоғары бағалайтынын жеткізді.
Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері 12 үкіметаралық және ведомствоаралық құжат алмасты.
Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге мемлекеттік сапармен барғаны туралы жазған едік.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты
