Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баланы ерте жастан мектепке беру оның болашағына инвестиция ма, әлде балалықты ұрлау ма?

Баланы ерте жастан мектепке беру

Фото: ChatGPT

Бес жасында әріп таныған, алты жасында оқи бастаған бала міндетті түрде ұта ма? Әлде біз оның бір жылын "үнемдейміз" деп, миға салмақ салып жүрміз бе? Мектепке ерте барған баланың психологиясына қаншалықты соққы болады? Қазіргі зумер ата-аналардың бұған қажыр-қайраты жете ме?

Қыркүйек сайын ата-ананы толғандыратын сұрақтың бірі осы. Бірі баласын алтыға толмай мектепке беруге асықса, енді бірі жеті жасқа дейін күтуді жөн көреді. Бір ата-ана "қатарынан қалмасын" дейді. Екіншісі "балалығынан айырмайық, бір жыл ойнасын" деп қарсы пікір білдіреді.

Ал мектепке ерте барған баланың жағдайы бірнеше жылдан кейін ғана байқалуы мүмкін. Бұл түйткілді мәселені Stan.kz тілшісі тереңірек зерттеп көрді.

Әлеуметтік желідегі ата-аналардың пікіріне назар салсақ, баласын ерте мектепке бергеніне өкінетіндер көп. Мәселен, бір ата-ана қызын 5 жас 11 айында бірінші сыныпқа бергенін, қазір төртінші сыныпта оқып жүргенін жазады. Анасының айтуынша, баланың сабаққа ынтасы төмендеп, оқу бағдарламасы ауырлай бастаған. Үй тапсырмасы мен сабақтан кейін ойнауға да уақыты азайған.

"Қызымды 5 жас 11 айында мектепке бердім. Қазір төртінші сыныпта оқиды. Ерте бергеніме қатты өкінемін. Сабаққа деген ынтасы төмендеді, қазіргі оқу бағдарламасы оған ауыр тиіп жүр. Сабақ пен үй тапсырмасынан кейін ойнауға да уақыты азайды. Кейде балалығын ұрладым ба деп қорқамын. Негізі баламен бала болып оқи алмасаң, ерте беру қажет емес екен. Бала толықтай мектептен үйренбейді. Бәрі ата-анаға байланысты екен", – деп жазады әлеуметтік желі пайдаланушысы.

Тағы бір ата-ана ұлын 6 жас 6 айында мектепке берген. "Қатарынан қалмасын" деген оймен шешім қабылдағанын айтады. Бірақ мектеп басталғанына небәрі 15 күн өткенде баласы шаршап, сабақ оқуға қарсылық білдіре бастаған. "Болды, шаршадым, істемеймін" дейді. Автор сыныптағы жеті жастағы балалардың сабақ тыңдап отырғанын, ал өз баласының терезеге қарап отырғанын байқаған. 

"Баламды 6 жас 6 айында мектепке бердім. “Қатарынан қалмасын” деп ойладым. Бірақ 15 күннен кейін-ақ шаршай бастады. Үй тапсырмасын жасағысы келмей, “Болды, шаршадым, істемеймін” дейтін болды. Сыныптағы 7 жастағы балалар сабақта отырып, мұғалімді тыңдап отырғанда, менің балам терезеге қарап отыратын. Басында мұны еркелік, тәртіпсіздік деп қабылдадым. Кейін баламның әлі мектепке дайын болмағанын түсіндім", – дейді ата-ана.

Ал тағы бір ата-ана баланың мектепке дайындығын анықтау тетігіне алаңдайды.

"Неге бұрынғыдай комиссия болмайды екен? Бала кезімізде бірнеше кабинеттен өткізіп, түрлі сауалдарды қойып, түстерді анықтатып, жүзге дейін санатып, бірақ өткізуші еді" – деп ашынады ол.

Оның бұл сауалының астарында бір ғана талап бар: баланы мектепке қабылдау кезінде оның жасына емес, нақты дайындығына да назар аударылуы керек.

Бірінші сынып оқушысы ұзақ уақыт бір тәртіпке бағынады. Мұғалімді тыңдайды. Тапсырманы соңына дейін орындауға тырысады. Сыныптастарымен қарым-қатынас жасайды. Кезегін күтеді. Қателескенде қайта жасауға үйренеді. Өзіне ұнамайтын нәрсені де орындауы керек.

Яғни мектепке дайындық – ең әуелі баланың психологиялық тұрғыда дайын болуында.

Психологтар дәл осы мәселеге назар аударады.

"Бес-алты жастағы баланы мектепке беруге қарсымын"

Психолог, гештальт-терапевт, "Alan" түзету-дамыту орталығының психологы Гүлбанум Мұрадуллаева бес-алты жастағы баланы мектепке беруге асықпау керек деп санайды. Оның сөзінше, мектепке дайындықты баланың әріп танып, оқи алуымен ғана бағалау жеткіліксіз.

"Бес-алты жастағы баланы мектепке беруге қарсымын. Бала бірнеше бағыт бойынша дайын болуы керек", – деді ол.

Физикалық дайындық

Психолог ең алдымен баланың физикалық дайындығын ескеру қажет екенін жеткізді. Себебі мектеп табалдырығын аттаған бала бірнеше сағат бойы сабақ тәртібіне бейімделіп, бір орында отырып, мұғалімді тыңдап, тапсырма орындауы керек. 

"Ең алдымен, баланың физикалық дайындығына назар аудару керек. Мектепке барған бала бірнеше сағат бойы сабақ тәртібіне бейімделіп, бір орында отырып, мұғалімді тыңдап, тапсырмаларды орындауы қажет. Ал мектепке дейінгі жастағы бала ұзақ уақыт бір қалыпта отырудан тез шаршап, қозғалыс пен демалысты көбірек қажет етуі мүмкін. Сонымен қатар баланың өзін-өзі басқару қабілеті де қалыптасуы керек. Мектепте бала әр сәтте өзінің қалағанын жасай алмайды. Ойнағысы келсе де сабаққа қатысады, шаршаса да тапсырмасын орындауға тырысады. Сондықтан бала өз қалауына қарамастан белгілі бір тәртіпке бағына алуы керек. Бір әрекетке кемінде 15–20 минут зейін қоя білуі маңызды", – деді Гүлбанум Мұрадуллаева.

Психологиялық дайындық

Мектептегі қиындық тек сабақта ұзақ отырумен шектелмейді. Баланың әлеуметтік және эмоционалдық дайындығы да маңызды. Бір сыныптағы ондаған баланың арасында отыру, сыныптастарымен тіл табысу, кезегін күту, мұғалімнің талабына бағыну, өзгенің жетістігімен өзін салыстырмау – мұның бәрі баладан белгілі бір әлеуметтік дағдыны талап етеді.

"Бала басқа балалармен және ересектермен қарым-қатынас жасай алуы керек. Сабақтағы жағдайға, сыныптағы ортаға бейімделуі маңызды. Өйткені мектепте балалар үнемі бір-бірімен салыстырылады, жарыс та болады. Бала жеңілісті қабылдай алуы, қателескен кезде көмек сұрап, көрсетілген көмекті қабылдай білуі керек", – деді Гүлбанум Мұрадуллаева.

 Интеллектуалдық дайындық

Ал мектепке дайындықтың интеллектуалдық жағына келгенде, ата-ана баланың тек оқи алуына немесе жаза білуіне қарап шешім шығармауы керек. Бала қарапайым сөйлем құрап, сұраққа жауап беріп, өз ойын жеткізіп, пікірін айта алуы қажет.

"Баланың әріп танығаны, оқи алғаны – мектепке дайындықтың бір ғана бөлігі. Оның физикалық тұрғыдан отыруға, зейін қоюға, тәртіпке бағынуға, балалармен қарым-қатынас жасауға және өз эмоциясын басқаруға дайындығы да қатар қаралуы керек. Бес-алты жастағы баланы мектепке асықтыруға болмайды", – деді Гүлбанум Мұрадуллаева.

Бастауыш сынып мұғалімі Аида Берікбай да баланы мектепке бергенде жасына емес, ішкі дайындығына көңіл бөлу маңызды екенін алға тартады.

“Бастауыш сынып мұғалімі ретінде айтарым – баланың мектепке қай жаста барғанынан бұрын, мектепке қандай дайындықпен келгені маңызды. Бір сыныпта жасы шамалас болғанымен, балалардың зейіні, оқу қарқыны, өзін-өзі ұстауы, тапсырманы қабылдауы бірдей болмайды. Кейбір алты жастағы бала сабаққа тез бейімделіп, тапсырманы жақсы орындауы мүмкін. Ал енді бір балаға қарапайым көрінетін тапсырманың өзі ауыр тиеді. Мұндай кезде оны жалқау немесе тәртіпсіз деп қабылдау дұрыс емес. Оның жасы мен даму ерекшелігін ескеру қажет. Бала мектепке бірінші болып барғаны үшін емес, мектептен шаршамай, өзіне сенімді болып шыққаны үшін ұтады",– деді бастауыш сынып мұғалімі.

Ғылым не дейді?

Бұл мәселе тек ата-ананың ішкі алаңы емес, әлемдік ғылым мен тәжірибеде де жиі зерттеліп жүр. Алайда ғалымдардың пікірі бір жерден шыға қойған жоқ.

Мәселен, Данияда жүргізілген бір зерттеу мектепке баруды бір жылға кешіктіру баланың зейінін шоғырландырып, өзін-өзі ұстауына оң әсер ететінін көрсетті. Алайда ел көлемінде миллионға жуық баланың дерегін қамтыған тағы бір ауқымды зерттеу сыныптағы ең кіші балалардың зейін тапшылығы немесе гипербелсенділік (ADHD) бойынша дәрі қажетсіну көрсеткіші үлкендерден тым алшақ емес екенін анықтады.

Бρεтандық зерттеушілер де Англиядағы бастауыш мектептердегі 2 мыңнан астам оқушыны бақылап көріп, мынадай түйін жасады: сыныптағы жасы кіші балалардың эмоциялық және мінез-құлық қиындықтары орташа есеппен көбірек болады. Әсіресе, болмысында кейбір ерекшеліктері бар балалар үшін бұл жас айырмашылығы қосымша ауыр стресске айналуы мүмкін.

Ал Жапонияда 10 жастағы балалар арасында жасалған талдау сыныптағы жастың кіші болуы баланың көңіл-күйіне, оқу үлгеріміне және кей жағдайда құрдастары тарапынан болатын қысымға (буллингке) тікелей қатысы бар екенін көрсетті. Жапонияда 2026 жылы жарияланған ауқымды ұлттық зерттеу де бұл деректі растайды: сыныптағы кіші айларда туған балалардың 7 мен 12 жас аралығында даму және мінез-құлық мәселелері бойынша дәрігерге жиірек жүгінетіні байқалған. Дегенмен, зерттеушілер мұның бәрін тек жас ерекшелігіне ғана жабуға болмайтынын, кейде бұл баланың жеке даму траекториясын дұрыс түсінбеуден туындайтынын ескертеді.

Статистика не дейді?

Қорыта келгенде, ғылым "алты жаста барған бала міндетті түрде күйзеліске түседі" деп кесіп айтпайды. Кей деректер мектепті кешірек бастаудың пайдасын көрсетсе, өзгелері бұл айырмашылықтың әсері шамалы екенін алға тартады.

Бірақ ортақ бір ақиқат бар: сыныптағы ең кіші мен ең үлкен баланың арасындағы алшақтық бастауыш сыныптарда анық сезіледі. Сондықтан баланы мектепке сүйрелерде оның туу туралы куәлігіндегі жасына ғана емес, жеке жетілу қарқыны мен ішкі дайындығына назар аударған жөн.

Балаға тағы бір жыл сыйлау – оны құр қатардан қалдыру емес, бұл оның балалық шағын қорғап, мектепке ес біліп, еңсесін тіктеп баруына жасалған мүмкіндік.

Бәлкім, біз ата-аналарға "Балаңызды неше жаста бересіз?" деп жарысудың орнына, "Баламыз шынымен мектепке дайын ба?" деп өзімізге сұрақ қоятын кез келген шығар.

Ақгүл Айдарбекқызы
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 10:00