Тоқаев үш маңызды мемлекеттік органнның басшыларын қайта тағайындады
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның үш маңызды мемлекеттік органына жаңа басшылар тағайындалды. Конституциялық сотты Эльвира Азимова, Орталық сайлау комиссиясын Нұрлан Әбдіров, ал Жоғары аудиторлық палатаны Әлихан Смайылов басқарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысының Жарлығымен Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Конституциялық соттың төрағасы лауазымына тағайындалды.
Бұдан бөлек, Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымына және Әлихан Асханұлы Смайылов Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындалды.
Айта кетейік, Эльвира Азимова қазақстандық мемлекеттік қызметкер. Ол 1973 жылы 15 ақпанда Жамбыл қаласында дүниеге келген. 1996 жылдан бастап әділет министрлігінде еңбек етіп, халықаралық құқық, заңнама, мемлекеттік мүліктік құқықтарды қорғау және халықаралық шарттар бағыттарында түрлі басшылық қызметтер атқарды.
2013 жылы әділет министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2019 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне сайланды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Конституциялық соттың төрағасы қызметін атқарып келеді. 2026 жылы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрағасы болып тағайындалды.
Ал Нұрлан Әбдіров қазақстандық заңгер-құқықтанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор. 1961 жылы 12 қаңтарда Жамбыл облысында дүниеге келген. Еңбек жолын ішкі істер министрлігінің жүйесінде оқытушы болып бастап, кейін Қауіпсіздік кеңесінде және парламент мәжілісінде қызмет атқарды.
2009-2020 жылдары мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы болды. 2020 жылы сенат депутаты әрі сенат төрағасының орынбасары болып сайланды. 2022 жылдан бастап Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып келеді.
Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов қазақстандық саясаткер, экономист және мемлекеттік қызметкер. 1972 жылы Алматыда дүниеге келген. Еңбек жолында статистика агенттігін, қаржы министрлігін басқарды, президент көмекшісі және премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы ақпанға дейін премьер-министр болды. 2024 жылғы сәуірден бастап Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы қызметін атқарып келеді.
Палата басшысы ретінде мемлекеттік аудиттер жүргізіліп, бюджет қаражатын пайдалану кезінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстан премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты Үкіметтің баспасөз қызметі растады. Нысанбаев 2023 жылғы 5 қыркүйектен 2026 жылғы 28 тамызға дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігін басқарды. Үкіметтің жаңа құрамында оның орнына Әлібек Қуантыров тағайындалған. Нысанбаев еңбек жолын 1983 жылы Алматы облысындағы Ұйғыр орман шаруашылығында шебер болып бастаған. Кейін қоршаған орта, ауыл шаруашылығы, экология және табиғи ресурстар салаларында түрлі басшылық қызметтер атқарды. 2023 жылғы наурызда Астана әкімінің кеңесшісі болып тағайындалып, сол жылдың қыркүйегінде Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне келген.
Баланы ерте жастан мектепке беру оның болашағына инвестиция ма, әлде балалықты ұрлау ма?
