Қазақстандықтарға жылу ақысы қайта есептеліп, 1,2 миллиард теңге қайтарылады
Қазақстанда жылу энергиясын есептейтін құралдары жоқ тұтынушыларға өткен жылыту маусымының нақты температурасы ескеріліп, қайта есептеу жүргізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтарға жылу ақысы бойынша 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылады. Қайта есептеу жылу энергиясын есептейтін жеке құралдары жоқ тұтынушыларға жасалады. Сома өткен жылыту маусымындағы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып есептеледі.
Қаражаттың ең көп бөлігі Астана тұрғындарына тиесілі. Елордаға жалпы соманың үштен бірінен астамы келеді.

Шамамен 300 миллион теңге Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына, тағы 162 миллион теңгеге жуық қаражат Маңғыстау облысының тұтынушыларына қайтарылады. Ал Қарағанды облысы, Жетісу және Ұлытау облыстарының тұрғындарына қайта есептеу жүргізілмейді. Себебі бұл өңірлерде жылу тарифі бастапқыда сырттағы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып есептелген.
Салыстыру үшін, өткен жылы тұтынушыларға бұдан да көп. Шамамен 1,5 миллиард теңге қайтарылған. Дегенмен орта есеппен бір абонентке тиетіні 250 теңгеден аспаған.
Еске салайық, бұған дейін "Самұрық-Энерго" Қазақстанда көмір генерациясын дамыту аясында төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны хабарланған. Соның ішінде Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланған. Аталған нысандарды 2029 жылы іске қосу көзделген.
Қазақстандық компания қазақ тілінде баяндама жасаған қызметкерді жұмыстан қуды деп айыпталды