Алматыда ақылы автотұрақ тарифтері өзгермек: Кімдер көбірек төлейді
Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифтерін көлік жүктемесіне қарай саралау ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жоба қалалық мәслихат сессиясында таныстырылды. Әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық ақылы автотұрақтардағы қолданыстағы сағатына 100 теңге тариф 2016 жылдан бері өзгерген жоқ. Осы уақыт ішінде қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, жол-көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артты.
“Бірыңғай тариф, әсіресе қаланың орталық бөлігінде, автотұрақ орындарының тиімді айналымын қамтамасыз етіп, бос орындардың қолжетімділігін сақтауға жеткіліксіз болып отыр. Соның салдарынан жүргізушілер бос орын іздеп, көлікпен қосымша жүруге мәжбүр болады. Осы мәселені шешу үшін автотұрақ тарифін аумақтағы көлік жүктемесі мен оның функционалдық ерекшелігіне қарай белгілеу ұсынылады”, – деп жазды әкімдік.
Не ұсынылып отыр?
Мәселені шешу үшін сараланған тариф жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Оған сәйкес автотұрақ құны көлік қозғалысының қарқындылығы мен аумақтың функционалдық мақсатына қарай белгіленеді.
Жоба бойынша:
- көлік жүктемесі салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тариф сағатына 100 теңге болып қалады;
- көлік қозғалысы орташа аумақтарда сағатына 150 теңге болады;
- автотұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы қарқынды сұранысы жоғары аймақтарда сағатына 200 теңге белгіленеді.
Бұл ретте тұрғындарға қолданыстағы жеңілдіктер сақталады.
Ақылы автотұрақ аймағында тұратын тұрғын үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеп, үйіне жақын орналасқан автотұрақты тегін пайдалана алады.
Тұрғындарға қандай жеңілдіктер бар?
Әкімдік Алматыда жол қозғалысын ұйымдастыру ережелері бекітілгенін еске салды. Оған сәйкес ақылы автотұрақтар орналасқан аумақта тұратын тұрғындар арнайы рұқсат рәсімдеп, тұрғылықты жеріне жақын таңдалған автотұрақтарды тегін пайдалана алады.
Сондай-ақ пайдаланушылардың жекелеген санаттарына арналған жеңілдіктер де қолданылады. Әкімдік бұл шаралар жергілікті тұрғындардың мүддесін ескеріп, автотұрақтарды жайлы пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер автотұрақ кеңістігін тиімді басқаруға бағытталған. Жоба іске асқан жағдайда көлікті екінші қатарға қою жағдайларын азайтып, бос орын іздеу уақытын қысқартуға, қаланың орталық бөлігіндегі көлік жүктемесін төмендетуге және жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
"Балаларының көзінше ұрып, атынан 2 миллион теңге кредит алған": Шымкенттік ер адам әйелін соққыға жықты деп айыпталды
