Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Astana Tourism шетелдік блогерлер мен халықаралық жарнамаға 56,5 миллион теңге бөлмек

турист
Фото: magnific.com

Астананы халықаралық деңгейде ілгерілету үшін Astana Tourism 56,5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ. Қаражат шетелдік блогерлер мен журналистерге арналған ақпараттық турлар мен халықаралық платформалардағы жарнамаға бағытталмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Astana Tourism туризмді дамыту орталығы" ЖШС екі мемлекеттік сатып алу жариялаған. Бірінші конкурсқа 28,45 миллион теңге, екіншісіне 28,02 миллион теңге қарастырылған. Көрсетілген сомалар қосымша құн салығынсыз жарияланған бастапқы бюджет, ал нақты құны конкурс қорытындысына байланысты анықталады.

сатып алу
Фото: zakup.gov.kz

Бірінші сатып алу шетелдік пікір көшбасшыларына арналған ақпараттық турларды ұйымдастыруға бағытталған. Турлар 3-5 күнге есептелген. Қатысушыларды 2021 жылдан ескі емес представительдік көліктермен, гүл және шоколадпен қарсы алу қарастырылған.

Шетелдік қонақтарды кемінде бес жұлдызды қонақүйге орналастыру жоспарланған. Сонымен қатар бағдарламаға экскурсиялар, ұлттық мәдениетпен танысу, гастрономиялық шаралар және сыйлықтар енгізілген. Әйелдерге тәттілер, жібек орамал мен ұлттық бас киім, ерлерге тәттілер мен шапан ұсынылады.

Екінші сатып алу халықаралық платформалардағы жарнамалық кампанияға арналған. Техникалық сипаттамаға сәйкес, материалдар кемінде екі халықаралық платформада және 20 елде, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияда таралуға тиіс. Алайда құжаттағы ең назар аударарлық талап жарияланымдардың жарнама немесе PR екенін көрсетпеу керек.

Техникалық сипаттаманың 8-бетінде материалдар "нативті", яғни платформа контентіне табиғи түрде кіріктірілген болуы және "рекламалық немесе PR-материал екені туралы белгілерді қамтымауы" тиіс деп көрсетілген.

Сондай-ақ келісілген материалды PR-белгісіз және арнайы рамка немесе қаріппен ерекшелендірмей жариялау талабы бар.

Компания нәтижесін бағалау үшін халықаралық басылым сайтындағы мақалаға кемінде 15 мың бірегей қаралым, ал мақсатты ілгерілету кезінде кемінде 500 мың қаралым жинау жоспарланған. Орындаушы жарияланымдар, қамту, өтулер және аналитика бойынша есеп беруі тиіс.

Ақпараттық турларға қатысты техникалық сипаттаманың әр тілдегі нұсқаларында да айырмашылықтар анықталған. Орыс тіліндегі нұсқада ақпараттық турға кемінде 20 адам қатысуы керек деп көрсетілсе, қазақ тіліндегі нұсқада көрсеткіш кемінде 40 адам деп жазылған. Құжатта турлардың нақты саны да толық айқындалмаған. Сонымен қатар қызмет көрсету мерзіміне қатысты да сәйкессіздік бар: орысша нұсқада 2026 жылғы 25 қараша, ал қазақша нұсқада 2025 жылғы 25 қараша көрсетілген. Мұндай қайшылықтар сатып алу шарттарының нақты көлемін анықтауды қиындатады.

Astana Tourism жариялаған екі сатып алудың жалпы бастапқы бюджеті 56 465 517 теңге болады. Компанияның мақсаты Астананың туристік әлеуеті мен халықаралық имиджін ілгерілету деп көрсетілген. Алайда сатып алу құжаттарында жарнаманы арнайы белгілемеу талабы, бес жұлдызды қонақүйлер мен представительдік көліктерді таңдау, сондай-ақ екі тілдегі техникалық сипаттамалардың сәйкес келмеуі сұрақ туындатады.

Еске салайық, осыған дейін редакция Алматының туризмді ілгерілетуге бөлетін қомақты бюджеті туралы зерттеу жариялаған еді. Онда 2026 жылы қала әкімдігі шетелдегі халықаралық туристік көрмелер мен "Алматының туризм күндерін" өткізуге шамамен 1 миллиард теңге жұмсамақ екені белгілі болды. Жоспарға Дубай, Токио, Гонконг, Сеул, Мумбай, Шанхай, Доха және басқа да қалалардағы халықаралық көрмелерге қатысу кірген.

Алматының шетелдік көрмелерге қатысуына бөлінетін қомақты бюджет сұрақ туғызғанымен, әкімдік шығындардың қайтарымы бар екенін алға тартады. Ресми дерекке сенсек, мұндай шаралар нақты турист әкелуге және келісімдер жасауға мүмкіндік беретін көрінеді.

Айым Атамбаева
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 11:22