Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада күшіктерді өлтіріп, қатыгездік көрсетті деген әйелдің қылмысын баласы ашып берді

 
оооооо
Фото: Курсив

Астанада жергілікті тұрғын көшеден ұстап алу және хабарландырулар арқылы қаңғыбас жануарларды алып, оларға жаңа иелерін тауып беремін деп уәде еткеннен кейін жоғалып кетуіне байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Полицияға жүгінуге күдіктінің кәмелетке толмаған ұлының сөзі себеп болған. Ол анасының үйде жасаған оғаш рәсімдері туралы айтып берген Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Курсивке сілтей отырып хабарлайды.

Зооқорғаушылардың хабарлауынша, қазір құқық қорғау органдары тәркіленген заттарды тексеріп жатыр. Елордадағы жануарларды қорғаушылардың күдігі әйел жол бойынан табылған төрт күшікті бірден алып кетуге тырысқан кезде пайда болған. Ол жануарларға жақсы жағдай жасайтынын айтқанымен, жауапкершілік туралы келісімге қол қоюдан бас тартқан. Кейін астаналық тұрғынның басқа да кураторлардан иттерді дәл осындай жолмен жинағаны анықталған.

Жануарларды алғаннан кейін әйел түрлі себептер айтып, олардың жағдайы туралы фотоесеп беруден бас тартқан. Кейін мүлде байланысқа шықпай кеткен.

"Алдымен әйел телефонында жады жеткіліксіз екенін айтты. Кейін күшіктер анасының үйінде екенін жеткізді. Одан соң оған тағы да өте кішкентай күшіктерді берген, сондықтан бұған дейін алған жануарларды уақытша туыстарына бере тұруға мәжбүр болғанын айтты", – деді Индира есімді зооқорғаушы.

Зардап шеккен немесе өліп қалған жануарлардың нақты саны әзірге белгісіз. Волонтерлер жинаған ақпаратқа сәйкес, 15 шілдеде әйел бір адамнан сегіз күшік, кейін тағы бір адамнан үш күшік алған. Сонымен қатар зооқорғаушылардың мәліметінше, күдікті күшіктер мен оларды ұстауға арналған торларды қалалық жануарларды аулау пунктінен де алған.

"Менің көз алдымда күшікті өлтірді"

Индираның айтуынша, зооқорғаушылар әйелдің кәмелетке толмаған ұлы бұған дейін жануарларға қатыгездік көрсетілуі мүмкін екені туралы хабарлағанын білген. Бала үйде тірі егеуқұйрықтар салынған торлар, шамдар, бөгде адамдардың фотосуреттері және басқа да заттар бейнеленген видеоны берген. Оның айтуынша, бұл заттар оғаш рәсімдермен байланысты болуы мүмкін.

"Ұлы анасының белгілі бір топпен байланысы болуы мүмкін екенін және жануарларды құрбандыққа шалуға ұқсайтын әрекеттер жасайтынын айтты. Баланың сөзінше, бірде анасы оның көз алдында күшікті өлтірген", – деді зооқорғаушы.

Индираның айтуынша, осы жағдайдан жануарларды қорғаушылар полицияға арыз жазуды ұйғарған. Еріктілер полицейлермен бірге әйелдің тұрғылықты мекенжайына барған кезде ауладан күдікті іздері бар отты, балтаны және бірнеше пышақты тапты. Заттарды полиция қызметкерлері тәркіледі.

Тергеу туралы не белгілі?

Материалдар, соның ішінде фотосуреттер, бейнежазбалар мен хат-хабарлар құқық қорғау органдарына берілді. Еріктілер, сондай-ақ полицейлерден күшіктердің бір бөлігі әйелдің анасында екені туралы ақпаратты тексеруді сұрады, бірақ Индираның айтуынша, олардың орналасқан жері әлі де белгісіз.

"Біз құқық қорғау органдарының осы әйелге берілген әрбір жануардың тағдырын анықтап, фотосуреттерді, бейнежазбаларды, хат-хабарларды және куәгерлердің айғақтарын тексеріп, шын мәнінде не болғанын анықтап, барлық анықталған мән-жайларға тиісті құқықтық баға беруін қалаймыз," – деді ерікті.

Астана полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, арызданушы мен куәгерлердің уәждерін тексеру, аталған әрекеттерге қатысы бар адамды анықтау, сондай-ақ жануарларға қатыгездік көрсету салдарының бар-жоғын тексеру бойынша шаралар қабылданып жатыр," – деп хабарлады полиция.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тик-ток желісінде көшедегі мысықтың ауызына қинап, насыбай тыққан бейнеролик халықтың наразылығын тудырған болатын. Ал Полиция департаменті бұл жағдай Өзбекстанда болғанын мәлімдеді.

Stan.kz
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 16:16