Ақмолада Еңбек күніне орай үздік мамандар ұлықталды
Іс-шараның басты мақсаты – еңбек әулеттерінің, тәлімгерлер мен өз ісінің үздік мамандарының еңбегін дәріптеу, сондай-ақ қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуының негізі саналатын жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Салтанатты жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан еңбек адамдарына құттықтауын жеткізді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде еңбек адамының қоғамдағы орнын үнемі айтуда. Еңбекқорлық, кәсібилік және өз ісіне адалдық – ел дамуының берік негізі. Бүгін біз өз еңбегімен өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіп отырмыз. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз – ел игілігіне қосылған нақты үлес. Баршаңызды Еңбек күнімен құттықтап, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін", – деді Алтынай Әмренова.
Іс-шара барысында өңірдің үздік еңбеккерлеріне алғыс хаттар мен дипломдар табысталды. Сондай-ақ "Еңбек жолы" және "Парыз" байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

Солардың бірі – "Көкшетау Жылу" кәсіпорнының қазандық цехының бастығы Александр Кравченко. Ол жылу энергетикасы саласында 26 жылдан бері еңбек етіп келеді, оның 21 жылын цех басшысы қызметінде атқарған.
"Біздің міндетіміз – қалаға жылу беріп, әр үйде, әр пәтерде жылу мен жайлылықты қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта кәсіпорын жылу беру маусымына толық дайын. Алдағы жылыту маусымын апатсыз өткізіп, тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетеміз деп сенемін. Баршаға жұмыста табыс тілеймін. Өз ісіңді сүйіспеншілікпен және үлкен жауапкершілікпен атқарсаң, кез келген істің нәтижесі болады", – дейді Александр Кравченко.

Еңбек күні – маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіретін маңызды мереке. Бүгінде Ақмола облысында түрлі салада еңбек етіп жүрген мыңдаған маман өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
"68 мың теңге келді": Қазақстандықтар коммуналдық қызмет бағасының күрт өсуіне шағымданды