Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық 48°C-қа дейін жетеді

аптап ыстық
Фото: adm-tavda.ru

Қазақстанның бірқатар өңірінде алдағы күндері аптап ыстық күшейеді. "Қазгидрометтің" болжамынша, 18-19 шілдеде елдің оңтүстігінде ауа температурасы 48°C-қа дейін көтеріліп, бірнеше өңірде жоғары өрт қаупі сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алдағы күндері Қазақстанның бірнеше өңірінде аптап ыстық күшейеді. "Қазгидромет" мәліметінше, елдің оңтүстігінде ауа температурасы 48 градусқа дейін көтерілсе, бірқатар облыста найзағай ойнап, бұршақ жауып, екпінді жел соғады.

18-19 шілдеде Түркістан облысы мен Шымкентте күндіз ауа температурасы 45-48°C-қа дейін ысиды. Қызылорда облысында 45-47°C, Жамбыл облысында 45°C-қа дейін, ал Алматы және Жетісу облыстарында 40-45°C ыстық болады.

Сондай-ақ Ұлытау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында да қатты ыстық сақталады. Көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні секундына 20-23 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Түркістан мен Қызылорда облыстарында шаңды дауыл тұруы ықтимал. Ал Жетісу облысындағы Алакөл көлдері маңында желдің жылдамдығы 23-28 м/с дейін жетеді.

Елордада 18-19 шілдеде ауа температурасы 35-36°C-қа дейін көтеріліп, жоғары өрт қаупі сақталады. Алматыда 18-20 шілде аралығында күндізгі ауа температурасы 40-42°C-қа дейін жетеді.

 

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте күннің аптап ыстығында көшедегі термометрлер 60 градустан асатын көрсеткішті тіркеп жатқанын жазған едік. Қазақстанның оңтүстігін қамтыған аптап ыстық тұрғындардың күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүрледі. Тіпті қаладағы температураны түсіру үшін өрт сөндіру көліктері көше мен аулаларда су шашуды бастаған. Синоптиктер өңірде күндіз ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін көтерілетінін болжап, тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес берген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 18 Шілде, 2026 12:00