Синоптиктер Қазақстандағы аптап ыстықтың басты себебін атады

Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасы +46°C-қа дейін көтерілді. "Қазгидромет" мамандары мұндай аптап ыстықтың басты себебін түсіндіріп, оған ұзақ мерзімді климаттың өзгеруі мен қазіргі синоптикалық жағдай қатар әсер еткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазгидрометтің" мәліметінше, еліміздің кей өңірлерінде ауа температурасы +40...+46°C-қа дейін жеткен. Мамандар мұны ұзақ мерзімді климаттық өзгерістер мен қазіргі атмосфералық жағдайдың қатар әсер етуімен байланыстырады. Дегенмен әрбір аптап ыстықты тек жаһандық жылынудың салдары деуге болмайды.
"Қазгидромет" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Тіллақарымның айтуынша, Қазақстанның басым бөлігінде бірнеше күн бойы тұрақты антициклон сақталған. Соның салдарынан бұлттылық азайып, жер беті қатты қызған. Бұған қоса, Орта Азия мен Иран жақтан келген ыстық ауа ағындары ел аумағындағы температураның күрт көтерілуіне себеп болған.
Мамандардың айтуынша, жаһандық жылыну нақты бір ыстық толқынын тудырмайды. Алайда ол жалпы температуралық фонды көтеретіндіктен, бұрынғыдай синоптикалық жағдайдың өзі қазір әлдеқайда жоғары температураға әкеледі.
Биылғы маусым айы Қазақстанның орталық, оңтүстік және шығыс өңірлерінде әдеттегіден ыстық болды. Бұл айларда орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-3°C-қа жоғары тіркелді. Ал батыс өңірлерде, керісінше, ауа райы салыстырмалы түрде салқындау болды.
ОқыңызСиноптиктердің болжамынша, шілде айында да еліміздің басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 12°C-қа жоғары болады. Кей күндері күндізгі ең жоғары температура қалыпты көрсеткіштен тағы 5°C-қа дейін артуы мүмкін. Ең күшті аптап оңтүстік облыстарда, Орталық Қазақстанда және оңтүстік-шығыстың кейбір аудандарында күтіледі.
Мамандар қазіргі ыстықты бүкіл ел бойынша рекордтық деуге әлі ерте екенін айтады. Себебі температуралық рекордтар әр метеостанцияның деректері толық сараланғаннан кейін ғана ресми түрде тіркеледі.
Соған қарамастан, кейінгі жылдары мұндай рекордтар жиілеп келеді. Былтыр Шымкент, Алматы, Түркістан, Тараз, Ақтау, Қызылорда және басқа да қалаларда жаңа температуралық максимумдар тіркелген. Ал биыл мамыр айында 80 жылдан астам уақыт бойы жаңармаған рекорд бұзылса, маусымда да бірнеше өңірде ең жоғары температура көрсеткіштері қайта жаңарған.
Мамандар тұрғындарға сағат 11:00 мен 17:00 аралығында күн астында ұзақ жүрмеуге, денеге ауыр күш түсіретін жұмыстарды шектеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және дауылды ескертулер мен ауа райы болжамдарын үнемі бақылап отыруға кеңес береді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте күннің аптап ыстығында көшедегі термометрлер 60 градустан асатын көрсеткішті тіркеп жатқанын жазған едік. Қазақстанның оңтүстігін қамтыған аптап ыстық тұрғындардың күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүрледі. Тіпті қаладағы температураны түсіру үшін өрт сөндіру көліктері көше мен аулаларда су шашуды бастаған. Синоптиктер өңірде күндіз ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін көтерілетінін болжап, тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес берген.
Шымкентте әскерге барудан қашқан 23 жастағы жігіт үшінші қабаттан секіріп комаға түсті