Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың 22 миллиард теңге айыппұлы кешірілген: Рақымшылықтың алғашқы нәтижесі жарияланды

әкімшілік рақымшылық айыппұл
Фото: Stan.kz

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізіліп, 590 мыңға жуық азаматқа қатысты жеңілдік қолданылды. Нәтижесінде 22 миллиард теңгеден астам айыппұл есептен шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

1 шілдеде Тоқаев жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған амнистия туралы Заңға қол қойды. Ішкі істер органдарының бағыты бойынша амнистия шамамен 590 мың азаматқа қатысты қолданылған.

“Бұл – адамгершілік пен ізгілікті негізге алған маңызды шешім. Сонымен қатар амнистия қоғамның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмейтін жағдайларда ғана қолданылады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия өткізілді. Оның аясында заңда көрсетілген баптар бойынша азаматтар әкімшілік айыппұл төлеуден босатылды”, – делінген хабарламада. 

Ішкі істер органдарының мәліметінше, нәтижесінде оларға қатысты 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылған.

“Амнистия – бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады”, – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Мұрат Қабденов.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 14:24