Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көшеде монодөңгелек көбейгендіктен оларға жаңа талаптар енгізілмек

монодөгелек жаңа талап
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда монодөңгелектерге қатысты жаңа талаптар енгізілмек. Полиция оларды жеке мобильділік құралдары санатына қосып, иелерінің құқықтары мен міндеттерін заңмен реттеуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, монодөңгелек ресми түрде көлік құралы болып саналмағанымен, ол жеке мобильділік құралына жатады. Әсіресе Алматыда мұндай құрылғылардың саны айтарлықтай артқан.

"Сондықтан жақын уақытта полиция барлық жеке мобильділік құралдарына қатысты ұсыныс енгізуі мүмкін. Монодөңгелектерді де міндетті түрде осы санатқа қосып, олардың құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде бекіту қажет. Өйткені олардың саны да, түрлері де көбейіп барады. Ал біз олардың бәріне жеке-жеке заң қабылдай алмаймыз. Сондықтан барлығын жеке мобильділік құралдарына теңестіріп, ортақ талаптарды заңмен бекіткен дұрыс", – деді Салтанат Әзірбек.

Еске салсақ, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап мопед иелері көліктерін міндетті түрде тіркеп, А санатындағы жүргізуші куәлігін алуға міндеттелді. Осыдан кейін көптеген қазақстандықтар электрлі велосипедтерге көшкен болатын. Бұл өз кезегінде жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірді. Қазіргі таңда электрлі велосипедтер де мопедтер санатына енгізілген. Сондықтан олардың иелері де көліктерін тіркеуге міндетті және тротуармен жүруге тыйым салынған.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 15:36