Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайбергеннің қарындасы ағасының челленджін қолдап, "Aqerke" әніне биледі

Раушан Құдайберген күйеуімен
Фото: Instagram.com/raushan_kudaibergen

Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан ағасы жариялаған би челленджіне қолдау білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бір ай бұрын Димаш осы әнге арнайы челлендж бастаған еді. Шарт бойынша, “AQERKE” әніне би түсіріп, ең көп қаралым жинаған қатысушы әншінің жаңа бейнебаянына түсуге мүмкіндік алады. Раушан Құдайберген де әншінің жаңа “AQERKE” әніне билеп, видеоны әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.

Раушанның видеосы Франциядағы Мон-Сен-Мишель сапары кезінде түсірілген.

“Мен байқауға қатысып жатқан жоқпын, биші де емеспін. Бірақ ағамды қолдауға міндеттімін. Уақыт аз қалды, челленджге қатысып үлгеріңіздер. Видеоны 40 градус ыстықта небәрі екі дубльмен түсірдік, сондықтан қатты сынамаңыздар”, – деп жазды ол.

Димаш та қарындасының видеосына бірден пікір қалдырып:

“Жаным, жүрегім”, – деп жазған.

Желі қолданушылары Раушанның биін жоғары бағалап, оның қимылына тәнті болғандарын жеткізді. Кейбірі видеоны көргеннен кейін өздері де челленджге қатысқысы келгенін жазды.

“Уау, Раушан, қимылың керемет!”, “Жарайсың, өте әдемі шыққан”, “Сені Францияда қарсы алғанымызға қуаныштымыз”, “Бұл әнге менің де видео түсіргім келіп кетті. Биіңмен жұқтырып жібердің. Осы видеоны 500 рет көрген шығармын”,  – деп жазды желі қолданушылары.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген жаңа челлендж жариялағаны, ал жеңімпаз оның жаңа клипіне түсетіні хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 15:45