Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жасалған Chery гибридтерінің  сатылымы басталды

Cherry
Фото: Chery TIGGO 7 PHEV және TIGGO 8 PHEV

Astana Motors компаниясына қарасты Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMK) зауыты Chery TIGGO 7 PHEV және Chery TIGGO 8 PHEV автокөліктерінің өндірісін бастады. Бұл Алматыдағы мультибрендті зауыттың жаңа кезеңге қадам басқанын көрсететін алғашқы модельдер.

Енді мұнда жаңа энергия көздерін пайдаланатын (NEV) автокөліктер шығарылады.

"Бүгін біз Chery TIGGO 7 PHEV және Chery TIGGO 8 PHEV модельдерінің сатылымының басталғанын жариялаймыз. Chery брендінің жетістігін, гибрид автокөліктерге деген әлемдік сұраныстың артуын және Қазақстандағы экологиялық таза көлікке қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын ескере отырып, жаңа модельдерге жоғары сұраныс болады деп күтеміз. Қазірдің өзінде ресми дилерлер клиенттердің өтінімдерін қабылдай бастады", – деді Chery брендінің директоры Ермек Жексембаев.

Жаңа модельдер әлемдегі электр көліктері мен гибридтерге арналған аккумуляторлардың жетекші өндірушілерінің бірі – Қытайдың CATL (Contemporary Amperex Technology Co) компаниясының литий-темір-фосфатты (LFP) батареясымен жабдықталған. Аталған батарея жоғары қауіпсіздік деңгейімен, 3000-нан астам қуаттау цикліне есептелген. Сонымен қатар батарея IP68 стандарты бойынша қорғалған, ал интеллектуалды BMS жүйесі тәулік бойы оның әрбір элементінің жұмысын бақылайды.

АММК зауытындағы Chery TIGGO 8 PHEV қуаттау станциясы
Фото: АММК зауытындағы Chery TIGGO 8 PHEV қуаттау станциясы

Chery TIGGO 7 PHEV және TIGGO 8 PHEV модельдері 1,5 литр турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышы мен электрмоторға негізделген гибридті күштік қондырғымен жабдықталған. Жүйенің жиынтық қуаты 279 ат күшіне дейін жетеді. Автокөліктер NEDC циклі бойынша тек электр қуатымен 95 шақырымға дейін жүре алады, ал аралас режимдегі жалпы жүріс қоры 1 200 шақырымға дейін жетеді. 

Гибрид модельдердің шанағы жоғары берік болаттан жасалған. Модельдер Euro NCAP қауіпсіздік рейтингісі бойынша 5 жұлдызға ие болып, жүргізуші мен жолаушылардың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Chery TIGGO 7 PHEV
Фото: Chery TIGGO 7 PHEV

Chery TIGGO 7 PHEV – электр көлігінің үнемділігі мен іштен жанатын қозғалтқышты автокөліктің әмбебаптығын үйлестіретін C-SUV санатындағы бес орындық қосылмалы гибрид кроссовер. Модель болат сұр, "технологиялық сұр", ақ және қанық қара түстерде ұсынылады. Chery Tiggo 7 CSH бағасы 11 990 000 теңгеден басталады.

Chery TIGGO 8 PHEV
Фото: Chery TIGGO 8 PHEV

Chery TIGGO 8 PHEV – жоғары деңгейде жабдықталған жеті орындық флагмандық қосылмалы гибрид кроссовер. Модель қанық жасыл, изумруд графит, жарқын ақ және болат сұр түстерде қолжетімді. Chery Tiggo 8 CSH бағасы 13 490 000 теңгеден басталады.

Аталған көліктердің батареясына 8 жыл немесе 160 мың шақырымға дейін кепілдік беріледі. Ал көліктердің өзіне, яғни Chery TIGGO 7 PHEV моделіне – 5 жыл немесе 150 мың шақырым, ал Chery TIGGO 8 PHEV моделіне 7 жыл немесе 200 мың шақырым кепілдік қарастырылған.

Көлікті бірнеше тәсілмен қуаттауға болады. Тұрақты токпен (DC) жұмыс істейтін жылдам қуаттау станциясында аккумулятор қуатын 20 минутта 30%-дан 80%-ға дейін толықтыруға немесе айнымалы токпен (AC) жұмыс істейтін станцияда шамамен 3 сағатта толық қуаттауға болады.

Chery TIGGO 8 PHEV
Фото: Chery TIGGO 8 PHEV

Кроссоверлер энергия тұтынуды интеллектуалды басқару жүйесімен, ADAS жүргізушіге көмек көрсету жүйелерінің кеңейтілген кешенімен, екі дисплейі бар Sony мультимедиялық жүйесімен, қысқы жабдықтардың толық пакетімен және алдыңғы орындықтарды желдету жүйесімен жабдықталған.
Бренд модельдері туралы толық ақпаратты Chery Kazakhstan ресми дилерінің сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшасынан, сондай-ақ 7007 байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Айта кету керек, Chery және Astana Motors компаниялары 5 жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Chery Қазақстанда дамыған желісі бар ең көп сатылатын Қытай брендіне айналды. Қазір еліміздің 17 қаласында 25 ресми дилерлік орталық жұмыс істейді 2025 жылы Қазақстанда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында жергілікті нарыққа бағытталған Chery автокөліктерінің өндірісі басталған еді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 15:09