"Бір емес, бірнешеуі жүр": Алматы тұрғыны супермаркетте кәмпиттердің арасындағы тарақандарды анықтады

Алматыдағы супермаркеттердің бірінде кәмпиттердің арасынан тарақан шықты. Оқиғаны тұрғын әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін, қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы тұрғыны Адель Threads желісінде оқиғаның Розыбакиев көшесіндегі, көтерме сауда базарының маңында орналасқан Toimart супермаркетінде болғанын айтты. Кадрлардан өлшеніп сатылатын кәмпиттердің арасында бірнеше тарақанның жүргенін көруге болады.
“Масқара бір емес, бірнешеуі кәмпиттер арасында жүр”, – деді ол.
Видеоға Toimart желісінің бас директоры Дастан Молдаханов пікір білдірді. Ол түсініктемесінде мұндай жағдайға жол берілмейтінін айтып, компания шаралар қабылдайтынын жеткізді.
"Сұмдық, бұл – мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Ертең барлық кәмпиттерді жоямыз, кәмпит сататын орынды өңдейміз, дезинфекция жүргіземіз. Бұл жағдайдың қалай және не себепті болғанын анықтаймыз. Хабарлағаныңызға рақмет", – деп жазды ол.
Toimart желісінің ресми аккаунты да жарияланым авторына жауап берді. Компания мәселені жою жұмыстары басталғанын хабарлады.
"Бұл шынымен де жағымсыз жағдай. Бізбен бөліскеніңізге рақмет. Әріптестеріміз бұл мәселені шешуге шұғыл кірісті", – делінген желінің түсініктемесінде.
Шымкентте әскерге барудан қашқан 23 жастағы жігіт үшінші қабаттан секіріп комаға түсті
Оқыңыз