"Ұйықтай алмаймын": Жолаушылар "Маңғыстау-Семей" пойызындағы тарақандарға шағымданды

Маңғыстау – Семей бағытындағы №37 пойыз жолаушылары вагонда тарақандар жүргеніне шағымданды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кадрларда вагон ішінде жорғалап жүрген жәндіктер көрінеді.
"Міне, кішкентайы, ал мынау үлкені. Мен мұнда ұйықтай алмаймын", – дейді видео авторы.
Жазба астындағы пікірлерде тұрғындар вагондардағы антисанитариялық жағдайға наразылық білдіріп, дезинсекция жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілетініне шағымданған. Кейбір жолаушылар осындай мәселеге Маңғыстау – Алматы бағыты бойынша қатынайтын пойыздарда да тап болғандарын жазған.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ өкілдері жолаушылардың шағымынан кейін пойыз межелі станцияға жеткен соң құрамға жоспардан тыс дезинсекциялық өңдеу жүргізілетінін хабарлады.
Компания мәліметінше, аталған вагонға жоспарлы дезинсекциялық өңдеу биыл 30 мамырда қолданыстағы талаптарға сәйкес жүргізілген. Норматив бойынша жолаушылар вагондарына дезинсекция айына кемінде бір рет, ал дератизация тоқсанына кемінде бір рет жасалуы тиіс.
Тексеру қорытындысы бойынша пойыз бастығы, өндірістік оқыту нұсқаушысы, "Батыс" филиалының Маңғыстау учаскесінің басшысы, сондай-ақ филиал директоры, сервистік қызмет көрсету жөніндегі орынбасары және бас инженері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар вагонды рейске шығар алдында қабылдау және дайындау жұмыстарына жауапты болған рейс алдындағы комиссияның барлық мүшесі де жазаланды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін "Жолаушылар тасымалы" АҚ орталық аппаратынан "Батыс" филиалына арнайы комиссия жіберілді.
Компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, вагондардың санитариялық жағдайын және қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Қазақстанда ипотека не себепті қымбат: Нарықтағы әділ баға қандай болуы керек