Димаш Құдайберген жаңа челлендж жариялады: Жеңімпаз оның жаңа клипіне түседі

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген тыңдармандарына жаңа челлендж ұсынды. Байқау шарты бойынша “AQERKE” әніне би билеп, видео түсірген қатысушылардың ішінен ең үздігі әншінің жаңа бейнебаянына түсу мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шарт бойынша қатысушы бір минуттық видеоны TikTok немесе Instagram желісіне жариялайды. Ең көп қаралым жинаған автор Димаштың жаңа бейнебаянына түсу мүмкіндігіне ие болады.
Жақында әнші туған жері Ақтөбеде “AQERKE” әніне бейнебаян түсіргенін айтқан еді. Түсірілімге Орталық стадионға жиналған мыңдаған жанкүйер қатысып, әншіге қолдау көрсетті. Мәлімет бойынша, стадионға 12 800-ге жуық жас жиналып, әнді бірге шырқаған.
Димаш өз кезегінде ыстық ауа райына қарамастан түсірілімге келген барша ақтөбеліктерге алғыс айтты.
“Бұл бейнебаян ерекше болады деп сенемін. Себебі оның жарыққа шығуына сіздер де үлес қостыңыздар. Қатты ыстыққа қарамастан жанымнан табылғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Егер бүгін қарбалас кезінде біреуге жеткілікті көңіл бөле алмасам, ренжімеңіздер”, – деді әнші.
Сондай-ақ Димаш келер уақытта туған қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен келетін көрермендерге үлкен концерт өткізу туралы мақсатын да бөлісті.
“Болашақта туған қаламызға әлемнің әр елінен мыңдаған көрермен шақырып, лайықты деңгейде концерт өткізгім келеді. Бұл – менің үлкен мақсатым”, – деді ол.
Әнші челленджге қатысқысы келетіндерге сәттілік тілеп, әркім өз идеясын еркін көрсетуге болатынын айтты. Оның сөзінше, бастысы – “AQERKE” әнінің үзіндісіне түсірілген видеода шығармашылық көзқарас пен шынайы көңіл күй болуы шарт.
Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген Ақтөбедегі мектебіне барып, ұстаздарын қуантқаны хабарланған еді. Ол Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясына арнайы барған. Бұл білім ордасында Димаштың балалық шағы өтіп, өнерге деген алғашқы қадамы қалыптасқан.
Әнші мектеп пен ұстазға деген құрметін жеткізді. Оның айтуынша, жылдар өтсе де, адам есейсе де, мектеп қабырғасындағы естеліктер мен мұғалімге деген алғыс ешқашан ұмытылмайды.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз