Димаш Құдайберген мектебіне барып, ұстаздарын қуантты

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген туған қаласы Ақтөбеге барып, өзі білім алған мектептің ұстаздарымен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі туған қаласынан жылы кадрларды әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясына арнайы барған. Бұл білім ордасында Димаштың балалық шағы өтіп, өнерге деген алғашқы қадамы қалыптасқан.
Әнші мектеп пен ұстазға деген құрметін жеткізді. Оның айтуынша, жылдар өтсе де, адам есейсе де, мектеп қабырғасындағы естеліктер мен мұғалімге деген алғыс ешқашан ұмытылмайды.
“Мектеп – балалықтың мекені, ал ұстаз – сол шақтың ең жарқын шамшырағы. Бүгін №32 мектеп-гимназиясына барып, мені тәрбиелеген ұстаздарыммен қауыштым. Уақыт өзгереді, адам өседі, бірақ ұстазға деген құрмет пен мектепке деген сағыныш ешқашан өзгермейді”, – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары бұл бейнеге жылы пікір қалдырып, әншінің қарапайымдығы мен ұстаздарына деген құрметін жоғары бағалады.
Көпшілік “ұстазын ұмытпаған шәкірт”, “туған жеріне тағзым еткен өнерпаз” деп жазып, Димаштың бұл қадамын үлгі етті. Сондай-ақ жанкүйерлер әншіні тәрбиелеген ата-анасы мен білім берген ұстаздарына алғыс айтты.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген бұған дейін туған қаласы Ақтөбеге барғанын хабарлап, жақын күндері жаңа бейнебаян түсіретінін айтқан еді. Әнші балалық шағы өткен мекен өзі үшін қашанда ыстық екенін жеткізген.
Әзірге жаңа клиптің қай әнге түсірілетіні белгісіз. Дегенмен түсірілім жұмыстары Ақтөбе қаласында өтеді.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз