Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сені мақтан тұтамын": Димаш АҚШ-тағы концерті туралы фильмнің трейлерін таныстырды

Димаш Құдайберген
Фото: dimashnews.com

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шығармашылық жолындағы ең маңызды оқиғалардың біріне арналған Before the Applause (“Қошеметке дейін”) деректі фильмінің жарыққа шығармақ. Туынды Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында өткен жеке концертке дайындық барысын баяндайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Before the Applause деректі фильмі әншінің жаңа концерттік туры қарсаңында көрерменге жол тартады. Жарияланған трейлерде 2025 жылғы 5 қазанда өткен ауқымды кешке дайындық сәттері көрсетілген.

Сол күні Димаш Құдайберген Madison Square Garden сахнасында Stranger шоуын өткізіп, әлемдегі ең танымал концерт алаңдарының бірінде жеке концерт берген тұңғыш қазақстандық өнерпаз атанды.

Фильмде әншінің өз естеліктерімен қатар, отбасы мен шығармашылық тобының әңгімелері де қамтылады. Жоба авторлары көрерменге концерттің өзін ғана емес, Димашты осы тарихи сәтке жеткізген ұзақ жылғы еңбекті, дайындықты және шығармашылық жолды көрсетпек.

Stranger туры

Димаш концерт алдында аты аңызға айналған сахнаға шығудың өзі үшін үлкен жауапкершілік екенін айтқан еді.

“Бұл – орасан зор жауапкершілік. Бірақ ол мені қорқытудың орнына алға ұмтылуға жігерлендіреді. Сонымен қатар біз мәдени елші міндетін де атқарып отырмыз. Осындай аңызға айналған сахнада өзге құрлықтағы көрерменнің жүрегін жаулауға бірегей мүмкіндік алған алғашқы өнерпаздармыз”, – деген еді Димаш Tmrw Magazine басылымына берген сұхбатында.

Madison Square Garden-дегі концерт Stranger турының әлемдік кезеңіне жол ашты. Кешке түрлі елдерден келген жанкүйерлер жиналып, әйгілі аренаға лық толған.

Фильм авторлары бұл концертті әншінің шығармашылық жолындағы маңызды белес, көпжылдық еңбегі мен кәсіби өсуінің, үлкен арманының орындалуы деп бағалады.

Концерт бағдарламасына көпшілікке танымал әндермен бірге жаңа туындылар да енді. Димаш Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындап, өзінің “Самғау” атты авторлық әнін таныстырды.

Сондай-ақ ол екі мәрте Grammy сыйлығын иеленген композитор Уолтер Афанасьевтің сүйемелдеуімен Love’s Not Over Yet шығармасын орындады.

Деректі фильм көрерменге ауқымды концерттің тасасындағы дайындықты, сахна сыртындағы әсерлі сәттерді және Димашпен бірге осы биікке жеткен адамдардың еңбегін жақынырақ тануға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік туры жариялағаны хабарланған еді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, концерттік кесте келер уақытта толықтырылып, жаңа қалалар мен өнер көрсету күндері қосымша хабарланады. Сондай-ақ жақын күндері жаңа турдың алғашқы концерті өтетін қала туралы ақпарат жарияланбақ.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 13:30