Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа жеке тіркеу нөмірі беріледі

алматы самокат Stan.kz
Фото: Stan.kz

Қазақстанда 1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану ережелері өзгерді. Енді самокаттарға тіркеу нөмірі беріледі, пайдаланушылар үшін сақтандыру полисі міндеттеледі, ал жол қозғалысына қатысты талаптар күшейтілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа жеке тіркеу нөмірі беріледі. Соның арқасында жол ережесін бұзған самокаттар бейнекамералар арқылы анықталады. Сонымен қатар самокатты жалға алатын әрбір пайдаланушы үшін сақтандыру полисі міндетті болады.

Жаңа талапқа сәйкес, кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын бақылап, жылдамдығы мен орналасқан жерін қадағалауға, арнайы аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге және қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына ұсынуға міндеттелді.

Егер пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, оған жолдың жүріс бөлігімен жүруге рұқсат етілмейді. Электрсамокаттар алдымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен қозғалуға тиіс. Ондай жол болмаған жағдайда ғана жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге болады. Ал тротуарда қозғалу жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы керек.

Сондай-ақ 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толық тыйым салынады. Бұдан бөлек, электрсамокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге және қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз жолға шығуға болмайды.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды жаңа талаптарды сақтап, жол қозғалысы қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Еске салайық, 2025 жылғы 1 маусымнан бастап Алматыда Қазақстан мен өңір үшін бірегей жоба Біріккен микромобильдік оператор іске қосылады. Бұл жоба қалалық мобильділік басқармасы мен полицияның қолдауымен, Jet, Yandex, Whoosh сияқты ірі шерингілік қызметтермен бірлесе жүзеге асырылды. Жоба қалада микромобильдерді қауіпсіз және реттелген түрде қолдануға, жол тәртібін жақсартуға және адамдарға дұрыс пайдалану мәдениетін үйретуге бағытталған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 09:45