Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электрсамокат жүргізушілеріне тротуармен жүргені үшін айыппұл салынады: Оның нақты мөлшері айтылды

самокат
Фото: magnific.com

Қазақстанда электрсамокат жүргізушілеріне тротуармен жүруге тыйым салынды. Жаңа заңға сәйкес, 25 тамыздан бастап бұл талапты бұзғандарға 2 АЕК (8650 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Электрсамокаттардың жаяу жүргіншілерге қауіп төндіруіне қатысты оларды тротуардан алып тастау мәселесі көптен бері талқыланып келген. Бұл бастама жарты жыл бұрын Мәжілісте көтерілді.

Бұған дейін “Жол жүрісі туралы” заңның 57-бабына (Мопед, электр самокат, велосипед, шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің құқықтары мен міндеттері) сәйкес электрсамокат жүргізушілері алдымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруге тиіс еді. Егер ондай жол болмаса, олар:

  • жолдың оң жақ жиегімен, оның ішінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен;
  • жол жиегімен;
  • немесе жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуармен жүруге құқылы еді.

Енді заңнан тротуарда жүруге рұқсат беретін норма алып тасталды.

24 маусымда қабылданған заң кезең-кезеңімен күшіне енеді. Ал электрсамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салатын өзгеріс ресми жарияланғаннан 60 күн өткен соң, яғни 25 тамызда қолданысқа енеді.

Айыппұл қалай салынады?

Қазақстан заңнамасына сәйкес, электрсамокат механикалық көлік құралына жатпайды. Сондықтан оны басқарушылар автокөлік жүргізушілері сияқты емес, “жол қозғалысының өзге қатысушылары” ретінде жауапкершілікке тартылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабына ( Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) сәйкес, жол қозғалысы ережесін алғаш рет бұзғаны үшін оларға 2 АЕК (8650 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұл жаза енді тыйым салынған тротуар және жаяу жүргіншілер жолымен жүргендерге де қолданылады.

Ережені бақылау қалай жүзеге асады?

Электрсамокаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Сол себепті жеке меншік самокат иелерін анықтау оңай емес. Сондықтан оларды жауапкершілікке тарту үшін полиция қызметкерлері құқық бұзушыны тікелей тоқтатуы қажет.

Алайда 1 шілдеден бастап жалға берілетін (кикшеринг) электрсамокаттарға жаңа талаптар енгізіледі. Олар механикалық көлік құралдарына жақындатылып, мынадай міндеттер жүктеледі:

  • техникалық байқаудан өту;
  • міндетті сақтандыру рәсімдеу;
  • пайдаланушының жүргізуші куәлігінің болуы;
  • мемлекеттік тіркеу мен нөмірлік белгінің енгізілуі.

Бұл талаптар тек жалға берілетін электрсамокаттарға қатысты. Ал жеке меншік электрсамокаттар бұрынғыдай тіркелмейді.

Полиция талабына бағынбаса не болады?

Егер электрсамокат жүргізушісі полицияның тоқтау туралы талабын орындамай, оқиға орнынан қашып кетсе, бұл енді басқа құқық бұзушылық ретінде қаралады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабына сәйкес, ішкі істер органдары қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін құқық бұзушы үш тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Сонымен қатар электрсамокат арнайы тұраққа қойылып, уақытша ұсталады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда самокат жүргізушілеріне жолға шығуға тыйым салатын заң күшіне енгені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 27 Маусым, 2026 16:02